Апатқа ұшыраған Lexus көлігінің иесі:Көлігімді автожуу жұмыскері ұрлап кеткен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда апатқа ұшырап, қираған Lexus маркалы автокөлігінің иесі Анель Байменова үстіміздегі жылы 13 шілдеде болған оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Анельдің айтуынша, оның автокөлігін автожуу мекемесінде бейресми түрде жұмыс істеп жүрген 17 жастағы жігіт айдап әкеткен. Анель автокөлігін осы автожуу мекемесіне уақытша қалдырып кеткен екен. 

Ал жас жігіт, айдап әкеткен автокөлікпен қаланы араламақ болған.

Бірақ, рөлге ие бола алмай, үлкен жылдамдықпен келіп, ағашқа соғылған.

«Ол осы мекемеде жаз мезгілінде көлік жуып ақша тауып жүрген. Мұнда оның немере әпкесі аспазшы болып жұмыс істейді. Апат болғаннан кейін, жігіттің туған-туыстары маған хабарласып, «Ол әлі жас, өмірін аяқ-асты етпе», - деп, полицияға арыз бермеуімді, оны кешіруімді өтінді. Мұның барлығы менің жағамды ұстатты. Бұған дейін бұл көлік жуатын мекемеде осыған ұқсас екі оқиға болған. Бірақ, бұл туралы ашық айтылмаған. Егер мен мұндай сорақылықты білгенімде бұл автокөлік жуатын жерге ешқашанда бармас едім.
Бұл мекеме екі рет сотта жеңіп шыққан. Мен оларға сотқа беретіндігімді айтып едім, олар маған: «Бекерге әуре боласыз. Сізге дейінгі арызданғандардың көліктері сіздің көлігіңізден әлдеқайда қымбат болған», - деп мақтанды.
Жігіттің туыстары «бір тиын ақшамыз» жоқ деп, ештеңе төлгілері келмейді. Әкесі тек қана кешірім сұрады. Мен аудандық ішкі істер басқармасына жүгіндім. Бұл істі қарап жатқан жігіт маған: «Сіз қыз баласыз ғой. Оны қалай 8 жылға соттаттырып жібересіз!? Кейін, қалай өмір сүресіз»?, - деп маған қысым жасады. Бұл жерде жәбірленуші мен ғой. 1,5 жарым ай өтті. Олар маған бірде-бір ақпарат берген жоқ. Мен тіпті сотқа да жүгіне алмаймын. Айтатындары: «Күте тұрыңыз, күте тұрыңыз, тергеп жатырмыз». Қашан ақпарат беретіндері белгісіз», - деді Анель Байменова.
Өз кезегінде «Алтын адам» кешенінің әкімшілігі автокөлікті айдап кеткен жігіттің машина жуушы болып істейтіндігін жоққа шығарды.

«Барлығы басқаша болған. 13 шілдеде осы бойжеткен немесе оның жігіті машинаны кілтімен бірге қалдырып кеткен. Біз оларға автокөлікті жуып, автотұраққа қоятынымызды, ал онда күзеттің жоқ екендігін айттық. Олар: «Жарайды», - деп кетіп қалды.

Біз кілтті сейфке тығып қойдық. Бірақ, бізде көзге көрінетін жерге

«Автокөліктің кілтін қалдыруға болмайды», - деп жазылып қойылған.

Ал таңғы сағат 4.00 шамасында әлгі жігіт біздің мекемеге ұрланып кіріп, сейфті бұзып ашып, кілтті алып, машинаны ұрлап әкеткен.

Ал бұл бойжеткен, кейін бізге келіп дау шығарды. Біз ол жігіттің бізде істемейтінін айттық.

Бойжеткен бізге наразылығы жоқ екендігін айтты. Әлгі жігіттің туысы келіп, келтірілген шығынды төлейтіндігін айтып, тілхат жазып кетті.

Ал қазір, неге екені белгісіз, бойжеткен осы мәселені тағы да көтеріп, біз туралы жазып жатыр. Біз тіпті заңгерден ақыл-кеңес сұрадық. Олбіздің бұған қатысымыз жоқ, кінәлі емес екенімізді айтты», - деп ақталды «Алтын адам» кешенінің әкімшілігі.