Апатқа ұшыраған мысырлық А320 ұшағы 18 млн. долларға сақтандырылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жерорта теңізінде апатқа ұшыраған EgyptAir компаниясының А320 ұшағы 18 млн. долларға дейінгі сомаға сақтандырылған. «Әл-Фагр» жаңалықтар порталының хабарлауынша, бұл туралы Misr Insurance сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Әдел Мұса мәлімдеді.

Оның айтуынша, сақтандыру құнының соңғы бағасы қайғылы оқиғаның нақты себебі жарияланған соң беріледі. Жолаушыларға келетін болсақ, Ә.Мұсаның айтуынша, төлемдер олардың азаматтығына байланысты өтеледі, себебі сақтандырудың осы түрі үшін бірыңғай стандарт белгіленбеген, деп жазады ТАСС.

Мысырдың Азаматтық авиация министрлігі EgyptAir авиакомпаниясының А320 лайнері апатқа ұшырағанын растады. Ұшақ Парижден Каирге бет алған, Мысыр жағалауынан шамамен 280 шақырым жерде радардан жоғалып кетті.
Ұшақта 12 мемлекеттің азаматы болған. Жолаушылардың жалпы саны - 56.