«Апаттар медицинасы төтенше жағдайларға, атап айтқанда ірі өрт жағдайларына, су тасқынына, жол-көлік оқиғасына тап болған адамдарға көмек көрсетеді. Апаттар медицинасы саласында еңбек ететін дәрігерлер шұғыл жағдайда бір уақытта ондаған адамға көмек көрсетілуі тиіс кездерге жиі тап болады», - деп хабарлады ведомстводан.
Аталған қызмет өкілдеріне мереке күндері де демалыс жоқ. Орталықта жедел кезекшілікте шұғыл әрекет ету бригадалары бар. Олардың өрт шыққан, апат болған, жол-көлік оқиғасы тіркелген орындарға жетуі тиіс уақыты - бар-жоғы 3-5 минут.
Орталықтың медициналық құрылымдарының құрамына дәрігерлер мен фельдшерлер ғана емес, хирургтар, травмотологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен өзге де мамандар кіреді. Олар ірі ауқымдағы төтенше жағдайларда автономды дала госпиталін - зардап шеккендерді қабылдауға және емдеуге арналған мобильді аурухананы құрып жіберуге қауқарлы.
Орталықтың 40-қа тарта тасжол бойындағы медициналық-құтқару пунктері жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен және өздігімен медициналық көмек алуға келген, емдеуін кейінге ысыруға болмайтын адамдарға көмектеседі. 4 айдың ішінде ғана тасжол бойындағы пункттерге кезекші бригадалар 400 рет шығып, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен мыңға тарта адамға медициналық көмек көрсеткен.