Апатты үй: Мембағдарлама арқылы құрылыс жүргізген компания басшылары сотта жауап береді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — № 2 Ақтөбе қалалық сотында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 2 үй салған мердігерлер мен техникалық бақылаушылардың ісі қаралып жатыр. 2020 жылы қолданысқа берілген үй екі жылдан соң апатты деп танылып, қазір жабық тұр.
№ 2 Ақтөбе қалалық сотында «Машат» ЖШС-нің басшысы Ф.Жанпейісов, «Агро-Сервис» ЖШС басшысының орынбасары С. Аяпбергеновке қатысты Қылмыстық кодекстің «Сапасыз салынған құрылыс», «Алаяқтық» баптары және техникалық бақылауышылар Ж.Кенжебаев, Р.Досовқа қатысты «Алаяқтық», «Сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтік қызметтер көрсетуді тиісінше орындамау» баптары бойынша іс қаралды.
Іс материалына сүйенсек, Ф.Жанпейісов 2017 жылы танысының інісі С. Аяпбергеновке тұрғын үй салу ұсынысын тастайды. Олар төрт қабатты екі үй салуға келіседі.
Кейін «Өтес Ақтөбе» ЖШС-нің басшысы әрі техникалық бақылау инженері Ж.Кенжебаев, «Мастер Металл Пласт» ЖШС-нің техникалық бақылау инженері Р.Досовпен келісімге келеді.
2018 жылы Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі Мемлекеттік сатып алу порталына 24 пәтерлі екі үйдің хабарламасын шығарады. Әр көпқабатты үй құрылысына 168,7 млн теңгеден астам қаржы ұсынылады.
Сол жылы наурыз айында «Машат» ЖШС-і жеңімпаз деп танылып, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Қарғалы тұрғын алабындағы № 39 «К», № 40 «К» үйлерін салуға 337 млн 465 мың теңгеден астам қаржы қарастырылды.
2018 жылдың ақпан айындағы келісім бойынша «Мастер Металл Пласт» ЖШС басшысы А.Жеңсікбаевтің бұйрығымен техникалық бақылау Р.Досовқа жүктелді.
Сонымен бірге «Өтес Ақтөбе» ЖШС-нің басшысы Ж.Кенжебаев өз-өзін техникалық бақылаушы деп таныды.
Кейін құрылыс жұмыстары жүргізіліп, көпқабатты үйдің іргетасы қаланды. Дәл осы тұста жобалық-сметалық құжатта көрсетілген талап сақталмаған. 2019 жылдың қыркүйегінде және қазан айында тапсырыс беруші екі үйді де қабылдап алады.
Тұрғын үй Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне өтіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Отбасы банк арқылы кезекте тұрған ақтөбеліктерге берілді.
Ал 2023 жылдың көктемінде № 39 «К» және № 40 «К» үйінің тұрғындары іргетас блоктары арасында жарықтың пайда болғанын, күннен күнге ұлғайып кеткенін айтып, дабыл қақты.
Үйдің тұрғындары өзге жерге көшіріліп, Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының облыстық филиалы іргетасындағы блоктарда арнайы маркіленген жазба жоқ екенін, талапқа сай келмейтінін анықтады. Тіпті бетондағы қиыршық тастың өлшемі де дұрыс емес болып шықты.
Сараптама орталығы үйдің кез келген сәтте құлап қалатынын, адам өміріне қауіпті екенін айтып, қорытынды шығарды.
Қазіргі кезде мемлекетке келген шығын 337 465 676,80 теңге және тұрғындарға келген шығын 291 620 025 теңге деп есептеледі.
Бүгінгі сот отырысында осы үйдің тұрғындары жауап берді. Жәбірленушілердің бәрі де жаңа пәтерге қоныстанған.
Олар алған жаңа пәтер ауданы бұрынғысынан бірнеше шаршы метрге үлкен болып, несиемен қатар қосымша ақы төлеп отыр.
Олар сол аралықтағы шығынды мердігерлер өтегенін қалайды.
— Ол үйде 2021 жылдың қыркүйегінен бастап тұрдым. Пәтерді 8,6 млн теңгеге сатып алдым. Жоғары қабаттарда байқалмағанымен, жертөлеге комиссиямен бірге кіріп қарадық. Ол кезде арнайы жапсырылған қағаздары жыртылып жатты. 1 бөлмелі пәтердің орнына пәтер берді. Алайда оның шаршы метрі көп. Мен үстіне тағы 780 мың теңге төлеп отырмын. Осы үстеме ақшаны төлесін деп талап қоямын, — деді жәбірленуші Ақмұрзаев.
Сот отырысы жалғасып жатыр.