Апатты үй тұрғындарына баспана бөлу құзыреті әкімдіктерге қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға тұрғын үй бөлуге қатысты өзгеріс енгізілді. Енді жергілікті бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған баспананы оларға бөлу мәселесін әкімдіктер қарайды. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұған дейін жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамту ісі «Отбасы банкі» арқылы жүргізілетін.

– Енді жергілікті бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған тұрғын үйлерді мұндай азаматтарға бөлу құзыреті әкімдіктерге қайтарылды. Баспананы бөлу туралы шешім комиссия арқылы қабылданады, - деді спикер.

Айта кетейік, 2025 жылдың мамырынан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және баспана бөлу қызметтері әкімдіктерден «Отбасы банкіне» берілген. Ал әкімдіктер коммуналдық тұрғын үй салу немесе сатып алу және азаматтарды қоныстандыру жұмыстарын атқарумен шектелген еді. 

Еске салайық, бұған дейін апатты тұрғын үйлерді реновациялауға жаңа кепілдік тетігі енгізілгені хабарланды.