Апатты үйдің тұрғындарында жаңа пәтер алуда қандай проблема бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ерболат Мұқаев апатты үйлер мәселесіне қатысты заңнамаға тиісті өзгерістерді қарастыруды ұсынды. Бұл ретте бірқатар сенаторлар ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі еліміздің көптеген қалаларында апатты жағдайда деп танылған үйлер баршылық. Апатты деп танылған үйлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдарда кезекте тіркелген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне авариялық жағдайда деп танылған үйлерде тұрып жатқан азаматтарды тұрғын үймен қамту көзделген. Өкінішке қарай, қолданыстағы заң бұл мәселені түбегейлі шеше алмауда. Мысалы, екі қабатты тұрғын үйде 18 отбасы тұрып жатыр делік. Олардың тұрғын үйге тіркелу кезегі әртүрлі. Бірінші тіркелген отбасын тұрғын үймен қамтамыз ету мүмкіндігі болса, соңғы тіркелген отбасының 10 жылдан соң кезегі келуі мүмкін. Ал апатты жағдайдағы үй 10 жылды күте алмайды. Демек, апатты тұрғын үйдегі азаматтардың барлығын бір мезетте тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ», - деп тоқталды сенатор.

Осы орайда Е. Мұқаев жоғарыда баяндалғанның негізінде апатты жағдайдағы үйлерді жою мақсатында тұрғын үй құрылысын «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағыты ретінде енгізуді, сәйкесінше қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қарастыруды ұсынды.