Апаттың алдын алуда салғырттық танытқан Төтенше жағдайлар министрлігіне ұйымдық және құрылымдық өзгерістер жасау қажет - А. Смайыл

None
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Апаттың алдын алуда салғырттық танытқан Төтенше жағдайлар министрлігіне ұйымдық және құрылымдық өзгерістер жасау қажет.

Ал ауа райы құбылмалы, жер көлемі ұшан-теңіз кең байтақ республикамызға жедел қимылдайтын министрлік, ұшқыр ойлайтын министр керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында өңірлерде орын алып отырған табиғи апаттарға байланысты пікірін білдірген депутат Алдан Смайыл осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы облысының Қызылағаш ауылында болған қайғылы оқиға Төтенше жағдайлар министрлігі мен оның өңірлердегі құрылымдарының табиғат апаттарының алдын алуға ұйымдастыру деңгейі жағынан да, техникалық мүмкіндігі мен моральдық жауапкершілік жағынан да қабілетсіз екенін көрсетті. Министрліктің тасқын тудыру қаупі бар су қоймалары мен тоғандарды биылғы қарлы қыста ерте анықтап, олардағы су қорының деңгейін ұдайы бақылауда ұстамауы қылмысқа пара-пар бейғамдық. Мұндай жайбарақаттықты министрлік те, оның басшысы В. Божко да ешқандай себептермен ақтай алмайды. Қазақстан толағай тау оранған Тәжікстан мен Қырғызстан емес. Қатал мінез танытқан қаһарлы жылда екі-үш таулы өңірді қадағалай алмау немқұрайдылықтың өрескел көрінісі», деді А. Смайыл.

Депутат Төтенше жағдайлар министрлігінің қазіргі деңгейін апаттың алдын алушы емес, міндеті мен негізгі қызметін апаттардан соң ғана еске түсіретін ұйқыдағы ұйымға көбірек ұқсатады. Бұған дәлел ретінде депутат Шығыс Қазақстан облысындағы қалың қардан көктем қатерлі болатынын біле тұра ертерек дабыл қағылмағанын алға тартады,. Ал бұндай министрліктің тарапынан кеткен салғырттық тұтас өңірлерді қыруар материалдық және моральдық шығынға ұшырап отыр.

«Осының бәрі Төтенше жағдайлар министрлігінде ұйымдық және құрылымдық өзгерістер жасау қажет екендігін көрсетеді. Ауа райы құбылмалы, жер көлемі ұшан-теңіз Қазақстан секілді кең байтақ республикаға жедел қимылдайтын министрлік, ұшқыр ойлайтын министр керек. Осы жерде кәрлі қыста жемшөбі таусылып, өрісі тарылған шаруа адамына дер кезінде көмек көрсете алмаған Ауыл шаруашылығы министрлігіне де елдің ренішті екенін атап айтуға тиіспіз. Министрлік басқасын былай қойғанда, қырылудан аман қалған малды әрі қарай сақтауды да ұйымдастыра алмай отыр. Арзан пайда көздегендер қысылған елден малды су тегінге әкетіп жатыр», деген депутат апатты өңірге қатысты ұсыныстарын да жариялады. Ол осы орайда, мал-мүлкінен айырылған ауылдар тұрғындарының жоғары оқу орындарында ақылы білім алып жатқан жастарына мемлекеттік грант беру туралы депутат Н. Сәбиляновтың ұсынысын қолдайтындығын атап өтті. «Бұдан бөлек, осы елді мекендердегі шаруа қожалықтарын бір жылға салықтың барлық түрінен босату қажет деп санаймыз. Олар табиғат апатынан тұралаған шаруасын қайта қалпына келтіргенше мемлекеттің осындай жеңілдіктерін пайдалануға тиіс», деді А. Смайыл.