Іс-шараның мақсаты - Азаматтық процестік кодекс жобасына енгізілген жаңашылдықтарды және олардың әділетті сот талқылауын қамтамасыз етудегі маңыздылығын ашу.
Жоғарғы Сот Төрағасы Қ. Мәми іс-шараны аша келе, Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде берген тапсырмаларын іске асыру аясындағы азаматтық процестік заңнаманың маңыздылығына тоқталды. «Уақыт біздерге әрқашан жаңа міндеттер жүктейді. Қоғамдық өмірдегі өзгерістер мен құқықтық қатынастардың сан алуандығы түрлі салада туындайтын дауларды шешудің неғұрлым жедел әрі ыңғайлы түрлерін талап етеді. Қолданыстағы АПК-ны қайта қарау қазіргі заманның жаңа талаптарына сәйкес азаматтық процесті кешенді түзетудің айқын қажеттілігінен туындады», - деп атап өтті Қ. Мәми отырыс барысында. Оның айтуынша, азаматтық процестік кодексті заман талабына сай жетілдіру ең алдымен азаматтық қарым-қатынастың түрлі салаларында құқықтың үстемдік құруын қамтамасыз етеді. Ал құқық үстемдік еткен жерде халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарады. «Заң жобасын әзірлеуге судьялар, мемлекеттік орган өкілдері, заң қауымдастықтары өкілдері мен ғалымдар қатысты. Жалпы алғанда, азаматтық процестік кодекстің жетілдірілуі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, заңды талаптарының қорғалуын күшейтіп, сот органдарының тәуелсіздігін нығайтып және әділеттілікке қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтеді», - деді Жоғарғы сот төрағасы. Парламент Мәжілісінің депутаты, АПК жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Н.Әбдіров: «Азаматтық процестік кодекстің жаңа жобасын әзірлеу өз уақытында қолға алынған іс. Бітімгерлік рәсімдерді одан әрі дамыту және реттеу Кодекс жобасындағы жаңашылдықтардың бірі болып табылады. Азаматтық процестік заңнаманы өзгерту қажеттілігі экономикалық қатынастардың одан әрі дамуымен, шетелдік инвестицияның легімен және ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты», - деп атап өтті. Жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Жоғарғы Сот судьясы Ұ.Сүлейменова жаңа редакциядағы АПК жобасына енгізілген негізгі нормалар бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді сотта қорғау туралы баяндады. «Дөңгелек үстел» жұмысы талқылау түрінде өтті. «Азаматтық құқықтарды сотта жүзеге асыру және қорғау» және «Дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу» тақырыптары бойынша екі сессия ұйымдастырылды. «Дөңгелек үстел» қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті қабырғасында одан әрі талқылау үшін тиісті ұсынымдар әзірленді. Аталған «дөңгелек үстел» жаңа редакциядағы АПК жобасын талқылау жөніндегі кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылатындығын атап өткен жөн. Айталық, ағымдағы жылғы екі ай ішінде дәл осындай іс-шаралар Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында өтті. Бұл барлық пікірлерді ескере отырып, әзірленіп жатқан АПК жобасының тиімділігін, өзектілігін, сондай-ақ жаңашылдықтарының маңыздылығын егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді. Айта кетейік, биыл 11 наурызда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодексінің жобасы және оған ілеспе заңның жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. «Дөңгелек үстел» жұмысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы соттың, облыстық және оған теңестірілген соттардың судьялары, Судьялар одағының, мемлекеттік органдардың, нотариат, адвокатура, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, халықаралық сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Еуропалық одақ-Орталық Азия құқық үстемдігі тұғырнамасы жобасының жетекшісі Ксавье Барре, Франция Апелляциялық сотының бірінші құрметті президенті Эрве Эксперт, GIZ өңірлік бағдарламасының басшысы Пуделька Йорг, Ұлыбританиядағы Дауларды тиімді шешу орталығының тренинг бойынша директорының орынбасары Шулер Сьюзан, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамының сарапшысы, Бремен қаласының отставкадағы судьясы Шнитгер Генрих бар.