АПЛ-дағы ең жылдам ойыншылар: Хусанов Холандтан жақсы нәтиже көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан ұлттық құрамасы мен «Манчестер Сити» клубының қорғаушысы Абдуқадир Хусанов Ағылшын Премьер-Лигасындағы ең жылдам ойыншылардың біріне айналды, деп хабарлайды Give me Sport.
Рейтингке сәйкес, Хусанов 2024/25 маусымында 36,27 км/сағ жылдамдықпен ең жоғары жылдамдықтағы ойыншылар тізімінде 8-ші орынға ие болды. Қорғаушы бұл нәтижені чемпионаттың 28-туры аясындағы «Ноттингем Форестке» қарсы ойында тіркеді.
Басылымның мәліметінше, Премьер-Лиганың өткен маусымдағы ең жылдам ойыншысы «Тоттенхэмнің» қорғаушысы Микки ван де Вен болған еді. Нидерландиялық ойыншы 37,38 км/сағ жылдамдықпен рейтингте бірінші орын алды. Екінші орынды «Ньюкаслдың» жаңа ойыншысы швед Энтони Элан иеленді, ол 36,65 км/сағ жылдамдықпен ойнаған. Үздік үштікті осындай нәтижеге ие болған Брайан Мбеумо («Брентфорд») аяқтады.
Премьер-лиганың ең жылдам ойыншылары (2024/25)
1. Микки ван де Вен – «Тоттенхэм»: 37,38 км/сағ
2. Энтони Эланга – «Ньюкасл» / «Ноттингем Форест»: 36,65 км/сағ
3. Брайан Мбеумо – «Брентфорд»: 36, 65 км/сағ
4. Карлос Борхес – «Вулверхэмптон»/ «Аякс»: 36,58 км/сағ
5. Янкуба Минте – «Брайтон»: 36,40 км/сағ
6. Уилсон Одобер – «Тоттенхэм»: 36,36 км/сағ
7. Абдуқадир Хусанов – «Манчестер Сити»: 36,27 км/сағ
8. Эммануэль Агбаду – «Вулверхэмптон»: 36,15 км/сағ
9. Эрлинг Холанд – «Манчестер Сити»: 36,01 км/сағ
10. Маркус Рэшфорд – «Манчестер Юнайтед»: 35,35 км/сағ
Ақпарат үшін, Абдуқадир Хусанов 2025 жылғы қысқы трансфер кезінде Францияның «Ланс» клубынан «Манчестер Ситиге» ауысты. Ол «Манчестер Сити» сапында Ағылшын Премьер-Лигасында 6 матчқа қатысқан. Сондай-ақ Англия кубогында 2 матчқа, Чемпиондар лигасында және клубтар арасындағы әлем чемпионатында бір матчқа қатысты. Қорғаушының «Манчестер Ситимен» келісімшарты 2029 жылдың жазына дейін.
Еске сала кетейік, Transfermarkt порталы Хусановтың құнын 35 миллион еуроға бағалағаны жайлы жазған едік.