АПЛ: Елеусіз «Лестер Сити» командасы «Арсенал», «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль» сынды командалардан көш ілгері тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы күндері спорт жанкүйерлері футболдың отаны болып табылатын Англияға еріксіз назар аударуда. Өйткені Ағылшын премьер-лигасында (АПЛ) бұған дейін ешкім көп көңіл бөлмей келген «Лестер Сити» командасы ел чемпионы болу жолында жарқын жеңістерге жетіп келеді.

Бұл елдің көш басында жүретін, әлемге әйгілі «Арсенал», «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Челси» сияқты азулы командалары осы маусымда сәтсіз өнер көрсетуде. Айталық, 33 ойыннан кейінгі мәліметке назар салсақ, «Арсенал» жеті рет, «Манчестер Сити» мен «Манчестер Юнайтед» және «Ливерпуль» командалары тоғыз рет жеңіліс тапқан. Ал чемпионат басында жеңілістен көз ашпай, ең төменгі сатыға дейін түсіп кеткен «Челси» енді ес жинап, 44 ұпаймен 10-шы орында келеді, ол 11 рет тең ойнап, қарсыластарына 10 рет ұтылған.

Биыл «Тоттенхэм» командасы үздіктер қатарында. Ол 33 ойыннан кейін 65 ұпаймен екінші орында тұр. Қарсыластарына 4 рет есе жіберген және 11 рет тең ойнаған.

Ал көш басындағы «Лестер Сити» командасы 33 ойында 72 ұпаймен жеке дара тұр. Ол ойын барысында 9 рет тең түскен, бар болғаны үш-ақ рет жеңілістің ащы дәмін татыпты.

Ағылшын премьер-лигасының аяқталуына дейін бес-ақ ойын қалды. «Лестер Сити» үш ойында жеңіске жетсе болғаны, ел чемпионы атанады.

10 сәуір күні «Қазспорт» телеарнасы «Сандерленд» пен «Лестер Сити», сондай-ақ «Тоттенхэм» мен «Манчестер Юнайтед» командалары арасындағы тартысты бәсекені тікелей эфирде көрсетті. «Лестер Сити» қонаққа барып, 2-0 есебімен жеңіске жетсе, «Тоттенхэм» өз алаңында 3-0 есебімен жеңіске жетіп, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады.

«Лестер Сити» биыл жүлделі орын алумен қатар тұңғыш рет Чемпиондар лигасында ойнау мүмкіндігіне ие болуда.

Тарихқа сүйенсек, аталған команда «Лестер Фосси» деген атаумен Лестер қаласының футбол клубы ретінде 1884 жылы құрылған, ол он жылдан кейін қаржы дағдарысына ұшырайды, ал 1919 жылы осы клубтың негізінде «Лестер Сити» командасы құрылады.

Өткен жылдары жеңілістен көз ашпай, чемпионат кестесінің соңғы орындарында келе жатқан «Лестер Сити» әуперімдеп жүріп Ағылшын премьер-лигасында қалады. 2015 жылы 64 жастағы италиялық білікті маман Клаудио Раньери бас бапкер болып тағайындалады. Сол кезде 2015-2016 жылғы маусымда 40 ұпай жинап, премьер-лигада қалсақ болды деген мақсат қойғандарын да жасырмайды. Ал енді бүгінгі таңда олар көздегенінен екі еседей артық ұпай жинап, футбол сүйер қауымды таңғалдырып отыр. «Лестер Ситиді» шабуылдаушы Джейми Варди және жартылай қорғаушылар Рияд Махрез бен Н'Голо Канте алға сүйреп келеді. Жас футболшылардан құрылған команда алдағы уақытта да жаңа жеңістерімен талайды тамсандыруы мүмкін.