«Апорт» сортын қайта жаңғырту жобасын іске асыру мәселелері талқыланды

Фото: ҚР АШМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» аймақтық филиалында болып, «Апорт» сортын қайта жаңғырту жобасын іске асыру мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында «2025–2028 жылдарға арналған «Апорт» алмасының сортын қайта жаңғырту» Жол картасын жүзеге асыру бойынша есептер тыңдалды. Осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланып, оны шешудің жолдары нақтыланды.

Өткен жылы Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде Сиверс жабайы алмасының 60 мың тұқымы жиналып, себілді. Оған қоса, 0,7 гектар аумаққа көшетжай егілді.

Фото: ҚР АШМ

— Биыл ақпан айында сапалы көшеттер дайындау үшін 0,5 гектар алқапта қысқы егу жүргізілді. Бүгінгі күні «Апорт» сортынан 2100 түп көшет өсірілді. Ал күзде 10 гектар апорт бағы отырғызылып, 2027 жылға қарай мұндай алқаптардың жалпы көлемі 110 гектарға жеткізілмек, — деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.

Қыркүйек айында институттың «Талғар» аймақтық филиалы базасында «Бақ күні» ұйымдастырылып, онда институттың селекционер-ғалымдарының ғылыми жетістіктері мен даму басымдықтары таныстырылды.

Еске сала кетейік, бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтырғы жылы басталып, Қазақстан символдарының бірі әрі құнды мәдени мұрасы — «Апорт» алмасының сортын қалпына келтіруге бағытталған.

Президент Іс басқармасының «Астана 20» мемлекеттік қорының белсенді қолдауымен сапалы көшет қорын өсіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл болашақ бақты қалыптастырудың негізі болмақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта да Жол картасы аясында іс-шараларды жан-жақты үйлестіріп, сабақтастықты жалғастырады. Сондай-ақ ғылыми негізді және апортты қайта жаңғырту жобасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге баса көңіл бөлетін болады.

Айта кетейік, Алматы апорты ресми түрде Қазақстанның ұлттық бренді атанды.

Сондай-ақ елде алманың бұл сорты қайта өсіріле бастады.