АППАҚ ИШАН КҮМБЕЗІ
Аппақ ишан күмбезі күйдірілген кірпіштен шаршы жобада салынған. Жалпы табанының аумағы 6,7х6,6 метр, ішкі көлемі 3,5х3,5 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаның ішкі жағына әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған. Құрылысты күмбезбен жапқан. Аппақ ишан күмбезі пішімі жағынан Қазақстанның оңтүстігіне тән діни құрылыстарға жатады.
Аппақ ишан күмбезінің ішінде екі сағана бар. Оның бірі - Шаян ауылындағы мешіт-медресені салдырған Аппақ ишандікі, екіншісі - осы Аппақ ишан күмбезін салған шебердікі.
Қазақстанда медреселер Орта Азияға қарағанда кейірінек пайда болған, сол себепті олардың саны көп емес. Ел аузындағы аңыз бойынша, қазіргі Аппақ ишан мешіт- медресе құрылысын XIX ғасырдың ортасында Қасым ишан бастап, ол қайтыс болғаннан кейін баласы Сабыр жалғастырып, немересі Аппақ ишан аяқтаған. Аппақ ишан мешіт-медресесінің құрылысы күйдірілген қыштан салынған.
Аппақ ишан медресесі діни оқу орыны ретінде 1927 жылға дейін, Қазақстанда ірі байларды конфискациялауға дейін өмір сүреді.
1926 жылы мешітте діни мектеппен қатар тұңғыш рет қазақ бастауыш мектебі ашылған. Мектептер 1933 жылы бастауыш, 1934 жылы жеті жылдық, 1937 жылдан орта мектепке айналып, кейін жаңа жайға көшіріледі. Ал, мешіт-медресе Шаян ауылындағы тарихи жәдігер ретінде бүгінгі күнге жетті.
Аппақ ишан мешіт-мұражайы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған 2000 жылы толық күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том.