Apple алғаш рет сенсорлық MacBook Pro-ны таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Apple Mac тарихында алғаш рет сенсорлық экраны бар MacBook Pro ноутбугін таныстырды. Жаңа модельде жарықтанатын логотип пен iPhone-ға таныс Dynamic Island функциясы да бар, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: apple.com

— MacBook Pro алғаш рет Mac құрылғыларына интуитивті сенсорлық басқару мүмкіндігін енгізіп, кәсіби мамандардың контентпен жұмыс істеу тәсілін жаңа деңгейге көтереді, — деп мәлімдеді компания. 

Ноутбук экран диагоналі 14 және 16 дюйм болатын екі нұсқада ұсынылады. 14 дюймдік модельдің бастапқы бағасы — 2 899 доллар (шамамен 1,33 млн теңге), ал 16 дюймдікі — 3 399 доллар (шамамен 1,55 млн теңге).

Dynamic Island хабарландыруларды, белсенді әрекеттер мен басқару элементтерін көрсетіп, жүйе функцияларына жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері қолданылмаған жарықтанатын Apple логотипі ноутбуктің сыртқы бетінде қайта пайда болды.

Жаңа MacBook Pro ноутбуктері Apple компаниясының кәсіби құрылғыларға арналған ең қуатты процессорлары саналатын M5 Pro және M5 Max чиптерімен жабдықталған. Экран өлшемі мен конфигурациясына қарай ноутбуктердің салмағы 1,4-1,8 келі аралығында болады.

MacBook Pro қуаттаусыз 24 сағатқа дейін жұмыс істейді. M5 Pro чипі бар модельдің жедел жады 24-64 ГБ болса, M5 Max нұсқасында 128 ГБ-қа дейін жетеді. Ал деректерді сақтауға арналған жинақтауыштың сыйымдылығы 16 ТБ-қа дейін ұлғайтылған.

Жаңа ноутбуктерге алдын ала тапсырыс қабылдау басталды. Алғашқы жеткізілім 6 қарашаға жоспарланған.

Бұған дейін Apple алғашқы бүктелмелі iPhone-ын таныстырғанын хабарлаған болатынбыз.