Аpple мен OpenAI-ға монополия жасады деген айып тағылды

АСТАНА.KAZINFORM – Илон Маскқа тиесілі xAI компаниясы Apple және OpenAI компанияларына қарсы 61 беттен тұратын сотқа шағым түсіріп, олардың жасанды интеллект нарығындағы бәсекелестікті заңсыз түрде шектеп отырғанын мәлімдеді.

Коллаж: Canva

Шағымның басында Apple компаниясы жасанды интеллектіні баяу дамытқаны айтылып, кейін бұл технологияны iPhone-ның нарықтағы үстемдігіне қауіп төндіретін фактор ретінде қарастыра бастағаны көрсетілген. Құжатта Масктың компаниялары әзірлеп жатқан «суперқосымша» смартфон функцияларының көбін алмастырып, Apple-дің ықпалын әлсіретуі мүмкін екені алға тартылған.

xAI шағымында, смартфон нарығындағы өз монополиясын қорғауға тырысқан Apple, бәсекелестікті және ЖИ саласындағы жаңашылдықты тежеп отырған OpenAI компаниясымен серіктестікке барды делінген.

Сонымен қатар құжатта ChatGPT жүйесінің Apple құрылғыларына интеграциялануы сипатталып, өзге бәсекелес жүйелердің назардан тыс қалғаны айтылған. Шағымда Apple компаниясындағы ЖИ саласы қызметкерлерінің бұл жағдайды «дағдарыс» деп бағалағаны, ал компанияның аға вице-президенті Эдди Кью жасанды интеллект 10 жыл ішінде iPhone-ды нарықтан ығыстыруы мүмкін екенін ескерткені көрсетілген.

– Apple мен OpenAI арасындағы эксклюзив келісімнің нәтижесінде жүздеген миллион iPhone құрылғысы арқылы келетін миллиардтаған сұраныстан тек ChatGPT пайда көріп отыр. Бұл өз кезегінде ChatGPT және суперқосымшаға негізделген өзге де чат-боттардың өсуіне және жаңашылдық енгізуіне кедергі келтіреді, – делінген құжатта.

Шағымда xAI компаниясы Apple-дің бұл «монополияны» App Store арқылы да қорғап отырғанын атап өтеді. Атап айтқанда, бәсекелес қосымшалар, мысалы Grok, рейтингте төмен көрсетіліп немесе мақұлдау процесі ұзартылып, тұтынушылардың таңдауын шектеу арқылы нарықтағы бәсекелестікті тежеп жатыр делінген.

– Генеративті ЖИ чат-боттары нарығында шынайы бәсекелестік орнаса, тұтынушылар өз таңдауларын еркін жасай алады, – делінген құжатта.

Сондай-ақ құжатта бұл тәжірибелер смартфон нарығына кеңінен әсер ететіні айтылған. xAI мәлімдеуінше, ЖИ-ге негізделген «суперқосымша» хабар алмасу, қаржылық қызметтер, ойын-сауық және контент жасау функцияларын біріктіріп, түрлі құрылғыларда қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай қызметтер пайдаланушыларға белгілі бір жүйеге байланбай, балама құрылғыларға көшуін жеңілдетеді.

Шағымда Apple мен OpenAI «өз нарықтарында бәсекелестікті басу үшін күш біріктірді» делінген. Онда 2024 жылдың маусымында Apple-дің ChatGPT-ді iOS жүйесіне эксклюзивті түрде енгізетіні туралы жариялағаны, ал Grok, Google және Anthropic секілді өзге ұсыныстардың қабылданбағаны да атап өтіледі.

Apple мен OpenAI арасындағы бұл келісімнің эксклюзивті болуына ешқандай бизнес себеп жоқ. Apple бірнеше чат-ботты қолдап, одан да көп пайда таба алатын еді. Алайда компания тек бір чат-ботты таңдады, бұл iPhone қолданушыларын ChatGPT-ге байлап қойды.

– Apple мен OpenAI арасындағы келісім генеративті жасанды интеллектке негізделген чат-боттар арасындағы бәсекелестікті тоқтатты, бәсекелес өнімдердің ауқымын кеңейту мүмкіндігінен айырды және сапа мен инновациялар деңгейін төмендетті. Мұның бәрі, өз кезегінде, OpenAI мен Apple компанияларына өз монополияларын сақтап қалуға көмектесті, – делінген талап-арызда.

Құжатта ChatGPT-дің нарықтағы үлесін көрсету үшін нақты деректер де келтірілген. OpenAI басшылығының мәліметінше, ChatGPT АҚШ-тағы нарықтың 85 пайызын, ал әлемдік нарықтың 80-90 пайызын иеленіп отыр. Сондай-ақ 2025 жылдың шілдесіне қарай аталған мобильді қосымшасы 938 миллион рет жүктелген, бұл оның ең жақын бәсекелесінен бес есе артық. Қолданушылардың жаһандық шығындары 2 миллиард АҚШ долларына жеткен.

xAI шағымында Grok чат-боты қажетті деңгейге жете алмай, инвестиция көлемі мен кірісі азайғаны, соның салдарынан компания құны да төмендегені айтылған. Сонымен бірге, X әлеуметтік желісі де зардап шеккені, өйткені Grok-тың шектеулі дамуы қолданушылар белсенділігі мен табысқа теріс әсер еткені көрсетілген.

Бұған дейін, америкалық кәсіпкер Илон Маск Apple компаниясы OpenAI-ге басымдық беретінін айтқан болатын.