Сарапшылардың пікірінше, мұндай тұмарлар брендтердің адамдарға жылулық сыйлап, пайдаланушылармен байланысты күшейтеді және компаниялардың танымалдылығын арттырады.
Соңғы айларда бірнеше ірі IT-компания өздерінің маркетингтік стратегиясына енгізілген жаңа кейіпкерлерді таныстырды.
Apple көктемде Mac ноутбуктерін жарнамалау үшін жаңа кейіпкерін әлеуметтік желілерде көрсетті. Пайдаланушылар оны Little Finder Guy деп атап кетті — бұл басы үлкен, айқын көзі бар шағын көк-ақ фигура.
Microsoft та Copilot атты жасанды интеллект көмекшісі үшін жаңа кейіпкер ұсынды. Mico деп аталатын бұл кейіпкер анимациялық смайликке ұқсайды және пайдаланушылармен дауыстық қарым-қатынас жасауға арналған.
Google Android жүйесінің танымал жасыл роботының бейнесін дамытып келеді. Компания тіпті пайдаланушыларға өз фотосуреттері негізінде тұмардың жеке нұсқасын жасауға мүмкіндік беретін құралды да іске қосты.
Бұл трендке басқа платформалар да қосылды. Reddit өз кейіпкері Snoo-ны жаңартып, оны эмоциясы айқынырақ етіп жасады. Mozilla Firefox логотипін толыққанды Kit атты тұмарға айналдырды.
Маркетинг мамандарының айтуынша, мұндай кейіпкерлер брендтерге бәсекелестерден ерекшеленуге және аудиториямен эмоционалды байланыс орнатуға көмектеседі.
Ланкастер университетінің маркетинг профессоры Энтони Паттерсонның пікірінше, тұмарлар ірі компанияларды тұтынушыға жақын етеді.
— Олар брендке дауыс, даралық және бет-бейне береді. Әйтпесе мұндай компаниялар суық әрі жансыз көрінуі мүмкін, — дейді сарапшы.
Бұл үрдіс әсіресе жасанды интеллектінің дамуына байланысты күшейген. Компаниялар цифрлық сервистермен өзара әрекеттесуді формалды емес, эмоционалды етуге тырысып жатыр.
Дегенмен кей сарапшылар бұл үрдіске сын көзбен қарайды. Сандық технология психологиясы бойынша маман Натали Нахай тұмарлардың танымалдығы ірі технологиялық компанияларға деген сенімсіздік күшейген кезеңмен сәйкес келгенін айтады.
Оның пікірінше, сүйкімді кейіпкерлер деректер құпиялығы, жасанды интеллект әсері және нарықтағы үстемдікке қатысты сыннан назарды аударуға көмектеседі.
Сарапшылар сондай-ақ жасанды интеллект пен виртуалды талисмандардың бірігуі болашақта пайдаланушылармен тікелей әрекеттесіп, олардың шешімдеріне ықпал етуі мүмкін екенін ескертеді.
Айта кетейік, қар барысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұмарына айналды.