Apple Watch «ақылды» сағаттарын пайдаланған жүргізушілерге айыппұл салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда таяуда Apple Watch «ақылды» сағаттарын пайдаланған жүргізушілерге айыппұл сала бастайды. Бұндай бастаманы Көлікті кәсіби жүргізудің британдық институты мәлімдеді, деп жазады шетелдік БАҚ.

Сарапшылардың пайымынша, көлікті басқарып келе жатқан адамның гаджетті пайдалануы автомобильді жүргізу сапасына тікелей әсер етеді. Институт өкілдерінің сөзіне қарағанда, «ақылды» сағаттың ұялы телефоннан еш айырмашылығы жоқ. Ал телефонды машинамен жүрген кезде пайдаланғаны үшін Ұлыбританияда айыппұл салады.

Елдің көлік министрлігі сарапшылардың ұсыныстарымен келісіп отыр. Осы орайда жақын арада көлікті басқару барысында жаңа гаджетті пайдалану фактісі үшін де айыппұл салынуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, жақында таныстырылған Apple Watch әзірге жаппай сатылымға шыққан жоқ. Оны алдағы жылдың басында ғана сатып алуға болады. Құрылғы телефонмен үйлесіп жұмыс істейді. Атап айтқанда, бұл сағат әлеуметтік желілерден хабарламалар қабылдап, музыка мен бейне түсірілімдерді ашып, SMS жібере алады. Сонымен қатар «ақылды» сағат навигатор қызметін, иесінің биометрикалық көрсеткіштерін бақылауға қауқарлы.