Апта ішінде 2334 қылмыстың ізі суымай ашылды - ІІМ
Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі баспасөз мәслихаты барысында аталмыш ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның айтуынша, осы аптада бұған дейін жасалған 733 қылмыс, оның ішінде өткен жылдар санатындағы 210 қылмыс ашылған. «Іздеу жарияланған 115 қылмыскер құрықталды. Заңсыз сақталған 4 қару алынды. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты 126 қылмыс анықталды. Оның ішінде 60-ы сату фактісі бойынша тіркеліп отыр. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 64 келіге жуық есірткі зат алынды», - дейді Н. Ораз.
Сонымен қатар, ресми өкіл жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыстарға тоқтала келе, жақында Шығыс Қазақстан облысының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізіп, «ізін суытпай» адам өлтірген деген күдікпен 19 және 20 жастағы екі жергілікті тұрғынды құрықтағанын атап өтті. «Ал Алматы облысының полицейлері Талғар ауданының 30 жастағы тұрғынын өлтіру қылмысына қатысты болғаны үшін іздеу салынған 21 жастағы қала тұрғынын Мәскеу қаласынан ұшып келген жерінен Алматы қаласының әуежайында қолға түсірді», дейді Н. Ораз.