«Апта ішінде 3448 қылмыс тіркеліп, «ізі суымай» 2042 қылмыс ашылды. Бұрын жасалған 581 қылмыс, оның ішінде өткен жылдар санатындағы 19 қылмыс ашылды. Іздеу жарияланған 88 қылмыскер іздестіріліп, табылды. 5 қару алынды. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты 42 қылмыс анықталды, оның ішінде 18 сату фактісі. 8,5 келіден аса есірткі заты алынды», - деді ол.
Мәселен, Қостанай қаласының полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары кезінде такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасап, автомашинаны иеленіп кеткен қаладағы техникалық лицейдің бірінші курс студентін «ізін суытпай» қолға түсірген. Ұсталған студенттің жеке таксомоторлық компанияға тиесілі «Фольксваген-Гольф» автомашинасына жолаушы ретінде отырып, такси жүргізушісін аңшы шолақ мылтықпен қорқытып, автомашинасын иеленіп жасырынып кеткені анықталған.
«Күдіктіні қолға түсіру үшін «Тұтқындау» жоспары енгізілді. Ізін суытпақшы болған күдікті қашып жүргенде жол-көлік апатын жасап, сол жерде полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Шолақ мылтық айғақ зат ретінде тәркіленді. Ұсталған адам уақытша оқшаулау орнына қамалды және осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», - деді ресми өкіл.