Жазғы Олимпиада-2028 қашан басталады?
2028 жылғы жазғы Олимпиаданың өтетін мерзімі белгіленді.
Аталған жазғы Олимпиада АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында 2028 жылдың 14-30 шілде аралығында өтеді. Ал Паралимпиада 15-27 тамыз күндеріне жоспарланып отыр.
Айта кетсек, Лос-Анджелес осыдан бес жыл бұрын 2028 жылғы жазғы Олимпиада астанасы ретінде анықталды. Бұл қалада бұдан бұрын 1932 және 1984 жылдары аталған дүбірлі дода өткізілген болатын.
Әлем жұртшылығы АҚШ-ты аталған сайысты ең көп өткізген ел ретінде таниды. Онда 4 рет жазғы және 4 рет қысқы Олимпиада өткізілген. Сондай-ақ осы аптада
2022 жылғы Азия ойындарын өткізудің жаңа мерзімі жарияланды . Бұл жөнінде Азияның Олимпиадалық кеңесі ресми мәлімдеді.
Енді Азиада 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында өтеді. Аталған турнирдің өткізу мерзімі негізінде 2022 жылдың 10-25 қыркүйек аралығына белгіленген еді. Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетіні жоспарланған болатын. Әлемдегі коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты ол кейінге шегерілді.
Еленаның елеулі жетістігі
2022 жылы ең көп ақша тапқан әлемнің ең үздік 16 теннисшісінің рейтингі жарияланды .
Тізімге, ерлер де әйелдер де кірді. Уимблдонда жеңімпаз атанған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина да осы рейтингте 7-ші орыннан көрінді. Ол 3.3 млн доллар табыс тапқан.
Сондай-ақ, теннисші Бейбіт Жукаев әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізді.
Рейтинг демекші, айта кетейік қазақстандық теннисшілерден ерлер арасында Александр Бублик, әйелдер арасында Елена Рыбакина жоғары сатыда тұр.
Ал елордада алғаш рет ATP 500 турнирі өтетін болды.
Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атануы мүмкін
Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жекке қатыспай-ақ толыққанды әлем чемпионы атануы мүмкін.
WBO ресми түрде америкалық боксшы Деметриус Андрадеге (31-0, 19 КО) орта салмақтағы белбеуін қорғауды бұйырды. Егер ол бас тартса, Жәнібек Әлімханұлы автоматты түрде «уақытша» әлем чемпионы атағынан «толыққанды» чемпион дәрежесіне ие болады.
Әлімханұлы мамыр айында британдық Дэнни Дигнумды (14-1-1, 8 КО) екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO уақытша белбеуін жеңіп алған болатын. Андрадеге келетін болсақ, ол да мамыр айында рингке оралып, ирландиялық Зак Паркермен (22-0, 16 КО) жұдырықтасуы керек еді, бірақ жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалды.
Еурокубоктағы сәтсіз ойындар
Өтіп бара жатқан аптада футболдан Конференция лигасында екінші іріктеу сатысы ойындары өткізілді. Турнирдің аталған сатысында еліміздің атынан қостанайлық «Тобыл», елордалық «Астана», алматылық «Қайрат» және петропавлдық «Қызылжар» командалары сынға түсті.
Еурокубок ойындарына өз тарихында тұңғыш рет қатысуға мүмкіндік алған «Қызылжар» хорватиялық «Осиек» командасына 1:2 есебімен жол берді.
Футболдан Конференция лигасында «Тобыл» жеңіп, «Қайрат» қарсыласына есе жіберді.
Тағы бір кездесуде Алматының «Қайраты» өз алаңында венгриялық «Кишварда» командасын қабылдады.
Венгриялық командадан Ясир Асани 82-минутта гол соғып кетті. Осылайша «Қайрат» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.
Ал қостанайлық «Тобылы» өз алаңында Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» командасымен шеберлік байқасты.
«Тобыл» ойыншысы Айбар Жақсылықов 65-минутта қарсыластар қақпашысын қапы қалдырса, Серж Дебле 89-минутта есепті үстемелей түсті. Алғашқы кездесуінде «Тобыл» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Елордалық «Астана» Польшаның «Ракув» командасынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді.
Жас ауыр атлеттер табысы
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар жеңісімен жанкүйерді желпіндіріп отыр.
Құрлықтық додаға ел құрамасы сапында ұлдардан 13, қыздардан 9 ауыр атлет барды.
Қазақстандық ауыр атлеттер қатарынан Едіге Емберді (73 келі), Әлішер Байбуров (67 келі), Денис Полубояринов (81 келі) алтын медаль алды. Сондай-ақ Надежда Ли (64 келі), Аружан Дәулетова (71 келі), Алексей Чуркин (73 келі) күміс медальға қол жеткізді. Ал Ерасыл Омаров (55 келі), Азамат Төлеген (61 келі) және Егор Шерер (81 келі ) қола жүлдегер атанды.
Азия чемпионаты ертең, 25 шілдеде мәресіне жетеді.
Футзалдан әлем чемпионатына іріктеу басталады
Футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионаты негізгі сатысындағы Қазақстан құрамасының қатысуымен өтетін ойындар кестесі белгілі болды.
Еске салсақ, ұлттық құрама бесінші топқа түсті. Қарсыластары - Словения және Черногория.
Қазақстандық футзалшылар алғашқы ойынын өз алаңында биылғы жылдың 8 қазанында Словенияға қарсы өткізеді. Одан кейін 12 қазанда сырт алаңда Черногориямен шеберлік байқасады. Ал Черногориямен өз алаңындағы ойыны 9 қарашаға белгіленсе, Словениямен тағы бір кездесу 2023 жылдың 8 наурызында болады.