Апта ішінде елімізде 3 мың 799 қылмыс тіркеліп, оның 2 мың 102-нің ізі суымай ашылды - ІІМ

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Апта ішінде елімізде 3 мың 799 қылмыс тіркеліп, 2 мың 102 қылмыстың ізі суымай ашылды.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

 Ол таратқан мәліметтерге қарағанда, өткен аптада іздеу салынған 101 қылмыскер ұсталып, 9 заңсыз қару тәркіленді. Ал есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 93 қылмыс анықталса, оның 54 фактісі есірткіні саудалаумен байланысты болған. Заңсыз айналымнан 35 келіге жуық есірткі алынды, оның 9,5 келіден астамы героин болып отыр.