Апта ішінде елімізде 3446 қылмыс жасалды - ІІМ

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өткен апта ішінде елімізде 3446 қылмыс жасалды. Оның ішінде 1986 қылмыс «ізі суымай»,

сондай-ақ бұрын жасалған 589 қылмыс ашылды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі баспасөз мәслихаты барысында ІІМ баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, 175 қылмыскер іздестіріліп, табылған, 22 бірлік қару алыныпты. Сонымен қатар, есепті мерзім ішінде 72 есірткі қылмысы, оның ішінде 30 есірткі сату фактісі анықталды. 550 келі есірткі тәркіленген.

«Алматы қаласы ІІД Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының 21 жастағы жергілікті тұрғынын ұстады. Ол ағымдағы жылғы тамыз айының ортасында қасақана Алматы қаласының 31 жастағы тұрғынын өлтіргені үшін іздестіруде жүрген.
Күдіктінің жәбірленушінің жиені екені анықталды. Ақша ұрлау мақсатында ол өзінің ағасына келіп оны пышақтап өлтірген. Содан кейін үйден 3,5 мың АҚШ долларын ұрлап қашып кеткен.
Ұсталған азамат қамалып, одан заттай айғақтар - пышақ пен ұрланған ақшаның жарты сомасы алынды. Кісі өлтіру фактісі бойынша алдын ала тергеу жүргізілді», - дейді Н. Ораз.