Апта ішінде республика бойынша 3610 қылмыс тіркелді - ІІМ

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Апта ішінде 3610 қылмыс тіркеліп, «ізі суымай» - 3265, бұрын жасалған 443 қылмыс ашылды.

Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Оның атап өтуінше, бұған дейін іздеуде болған 80 күдікті қолға түсіп, 15 қару тәркіленген. Сондай-ақ апта ішінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 71 қылмыс анықталған. Оның ішінде 39 сату фактісі. Айналымнан 884 келі есірткі заты алынса, оның жарты келісі есірткінің ең ауыр түрі - героин.

Мәселен, ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің және «Дельта-Долина» есірткі бизнесіне қарсы күрес өңіраралық бөлімнің қызметкерлері бірлесіп, Жамбыл облысы Мерке ауданында Тәтті ауылынан 55 шақырым жерде Қырғыз Республикасының 30 жастағы азаматын қолға түсірді. Тексеру барысында күдіктіге тиесілі 793 келі дайындалған марихуана табылды.

Ал Алматы қаласында жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кезінде қала көшелерінің бірінде 32 жастағы жергілікті азаматша ұсталды. Оның жеке заттарын тінту барысында бумаланып оралған 215 грам героин табылды. Есірткінің қайдан жеткізілгені анықталуда.

«Жоғарыда аталғандар уақытша оқшаулау орнына қамалды. Ірі мөлшерде есірткі затын сақтау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Н.Ораз.