Апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өспеді
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны бәсеңдеуде. Биыл алғаш рет апта ішінде аталған тауарларға бағаның өсуі тіркелген жоқ.
— Өткен аптада бірқатар азық-түлік өнімдеріне баға төмендеді. Атап айтқанда, жұмыртқа 1,2%-ға, пияз 0,8%-ға, сәбіз 0,6%-ға, ал рожки мен күріш 0,1%-ға арзандады. Сонымен қатар, жыл басынан бері ұн бағасы 1,7%-ға төмендегені байқалды.
Өңірлер арасында баға индексінің төмендеуі Түркістан облысында — 0,2%, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында — 0,1 тіркелді. Ал Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қостанай және Абай облыстарында баға индексі өзгеріссіз, нөлдік деңгейде қалды, — делінген Сауда комитеті хабарламасында.
Өңірлік комиссиялар анықтаған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуді бақылау мақсатында белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесін асыру фактілері бойынша 1 872 әкімшілік іс қозғалды.
6 100-ден астам тауар жеткізу тізбегіне талдау жүргізілді. Соның ішінде 655 жағдайда бәсекелестік заңнамасын бұзу қаупі анықталды. Бұл деректер нақты шаралар қабылдап, бақылауды күшейтуге негіз болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі тиімді құралдардың бірі — ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Жыл басынан бері еліміздің өңірлерінде фермерлік өнімдер делдалсыз, тікелей сатылатын 3 мыңға жуық жәрмеңке ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және нарықты үздіксіз өніммен қамту мақсатында бизнес өкілдерімен және салалық қауымдастықтармен тұрақты диалог жүргізіліп жатыр.
Айта кетелік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары транзитіне бақылау күшейді.