Апта ішінде елімізде болған кадрлық тағайындаулар
Өтіп бара жатқан апта ішінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды Kazinform.
Сонымен, Мемлекет басшысының өкіміне сай, Нұрдәулет Сүйіндіков ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.
Ол еңбек жолын 2000 жылы Шымкент қаласы прокуратурасының құқықтық статистика және ақпарат жөніндегі маманы қызметінен бастады. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы прокурорының аға көмекшісі, Шымкент қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлім бастығы қызметтерін атқарды.
2023 жылғы 16 қаңтардан қазірге дейін Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы болып қызмет етті.
Президенттің тиісті өкімімен Ғалымжан Қойгелдиев ҚР Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалды.
Ғалымжан Қойгелдиев 1980 жылы 3 қаңтарда Жамбыл облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша бітірген.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің азаматтық және кәсіпкерлік құқық кафедрасының оқытушысы, Сыртқы істер министрлігінің шаруашылық басқармасы Консулдық қызмет департаментінің маманы, Сыртқы істер министрлігі аппаратының атташесі, Қазақстан Республикасының Монғолиядағы Елшілігінің үшінші, екінші хатшысы болып еңбек еткен.
2022 жылғы 16 қарашадан бүгінге дейін Бас Прокурор аппаратының басшысы қызметін атқарды.
Сондай-ақ Қазақстан Бас прокурорының бұйрығымен Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы лауазымына Әйбек Нұрахметов тағайындалды.
Ол еңбек жолын 2002 жылы Астана қаласының прокуратурасында бастаған. Аудан прокуратурасының стажеры, бөлім прокуроры, прокурордың көмекшісі, аға көмекшісі лауазымдарында жұмыс істеді.
2022 жылдың қараша айынан бастап Бас прокурордың арнайы тапсырмалар бойынша аға көмекшісі болды.
Ал Президент Әкімшілігінің және қала мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша Астананың Байқоңыр ауданына Талғат Рахманберді әкім болды.
Т.Рахманберді еңбек жолын 2004 жылы «Жамбыл облысының студенттер мен жастар одағы» жастар қоғамдық бірлестігінде бастаған (Тараз қаласы). Әр жылдары «Астана қаласының студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының штабы» қоғамдық бірлестігін басқарды, ҚР Бас прокуратура институтының (Астана қаласы) қылмыстық процестің және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша біліктілікті арттыру бөлімінде аға прокурор, «Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы және тағы басқа қызметтерді атқарды.
Ол кейінгі жылдары «Астана қаласының қоғамдық даму басқармасы» ММ, «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» ММ басшысы, қала әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарды.
Бұған қоса Айбек Көпенов Ақтөбе облысы Байғанин ауданына әкім болып тағайындалды.
Айбек Көпенов 1985 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2007 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтын, 2020 жылы Қазақ-Орыс халықаралық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2008 жылы Ақтөбе облысының балалар құқығын қорғау департаментінің жетекші маманы болып бастаған. 2022 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі лауазымын орындады.
Сонымен қатар Петропавл қаласы әкімінің орынбасары болып Біржан Көшербаев тағайындалды. Ол құрылыс және жедел мәселелерге жауап беретін болады.
Біржан Сайлауұлы 1994 жылы 7 қаңтарда СҚО Аққайың ауданы Рублевка ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Мәскеу қаласында Ұлттық бизнес институтын бiтiрген.
Еңбек жолын 2013 жылы СҚО бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінде заңгер көмекшісі қызметінен бастаған. Осы тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы лауазымында жұмыс істеді.
Ал Қанат Момынов болса енді Павлодар облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына басшылық етеді.
Қанат Алғабекұлы 1990 жылы туған. 2012 жылы М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын «қаржы» мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын 2007 жылы бағдарламашы болып бастап, кейін түрлі ұйымдарда бухгалтер болып жұмыс істеді. 2023 жылдың мамыр айынан осы тағайындауға дейін Қазақстандық қоғамдық даму институтының ішкі аудит қызметінің басшысы болды.
Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып Нұрбол Жүнісбеков тағайындалды.
Нұрбол Әбдірахманұлы 1985 жылы 15 қыркүйекте Сайрам ауданында дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университеті және Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің түлегі. Мамандығы – жер ресурстарын басқару және жерді үйлестіру инженері, заңгер.
Еңбек жолын 2009 жылы Шымкент қаласының жер кадастры филиалында инженер, жерге орналастырушы болып бастады. Кейінгі жылдары Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Мұнымен қатар, енді Асқар Төлешев Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментін басқарады.
Төлешев Дәулетбайұлы 1975 жылы Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Өзбекстан Республикасы ІІМ Ташкент жоғары өрт-техникалық мектебін бітірген. Мамандығы – «Өрт қауіпсіздігі». Ол бұрын Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Ал Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып полковник Нұрлан Атығаев тағайындалды.
Ол 1978 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің Көкшетау техникалық институтын бітірген. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Айыртау ауданы № 7 өрт сөндіру бөлімінің инспекторы болып бастады. Әр жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті Тайынша ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, департамент бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.
2020 жылдың желтоқсан айынан 2023 жылғы қазан айына дейінгі аралықта Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Нұрлан Бекбосынов Жетісу облысы ТЖД бастығы болып тағайындалды.
Нұрлан Бекбосынов 1971 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 1993 жылдан бастап қызмет етеді. Еңбек жолын Жезқазған облысы ІІБ әскерилендірілген өрт күзеті, Саяқ кентінің жеке бекетінің бастығы қызметінен бастады.
2010-2023 жылдары Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бөлімшелерінде әртүрлі басшылық лауазымдарды атқарды. Бұған дейін Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.
Бұған қоса Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Жеңіс Нығметуллин БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Жеңіс Махамбетұлы 1984 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында дүниеге келген.Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «заңгер», Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «қаржы» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы БҚО қаржы департаментінің операторы болып бастады. 2017 жылдан күні бүгінге дейін БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Абай облысы Бақылау басқармасының басшысы лауазымына Шыңғыс Аманжолов тағайындалды.
Шыңғыс Ниязұлы 1986 жылы 6 мамырда Қарағанды облысы Балқаш қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Павлодар мемлекеттік университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы сол университетте «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқуын аяқтады.
Еңбек жолын 2007 жылы «Алюминий Казахстана» АҚ Құрылыс-монтаж жұмыстары цехының 3-санаттағы шебер-бетоншысы болып бастады.
Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Абай облысы Бақылау басқармасы басшысының орынбасары болды.
Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы лауазымына Серік Жеңісов тағайындалды.
Серік Жеңісұлы 1983 жылы 27 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында дүниеге келген. 2005 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, 2006 жылы аталған университеттің магистратурасын «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімінде қоғамдық пікірді мониторингтеу және талдау, бұқаралық саяси жұмыс бөлімінің жетекші маманы болып бастады. Қазіргі лауазымға тағайындалмас бұрын Өскемен қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған.