Kazinform тілшісінің шолуында осы аптадағы ең басты кинопремьераларды ұсынамыз.
Коллаж: Kazinform/ Kino.kz
Ағайындылар
Жанры: драма, қылмыс
Ұзақтығы: 90 минут
Ел: Қазақстан, 2026 жыл
Режиссері: Ернат Байұзақ
Отбасы, парыз және жақындарын құтқарудың құны туралы шиеленісті криминалдық драма. Фильмде анасы мен қара шаңырақтан айырылып қалу қаупіне тап болған екі ағайындының оқиғасы баяндалады. Жақындары аман алып қалу үшін олар заңды аттап, қауіпті қылмыс әлеміне араласуға мәжбүр болады. Тығырыққа тірелген ағайындылар алдында адамгершілік таңдау мен отбасылық қайшылықтар қатар өрбиді. Оқиға желісінде махаббат пен опасыздық, адалдық пен жанқиярлық сынға түседі.
Тау адам
Жанры: комедия
Ұзақтығы: 73 минут
Ел: Қазақстан, 2026 жыл
Режиссері: Мақсат Оспанов
Бір кездері Бейбіт Ыстыбаевтың есімін бүкіл ел білетін. Қазақ күресінен әлем чемпионы атанған ол спорттық мансабын аяқтаған соң өмірдің жаңа сынақтарына тап болады. Осы кезде Бейбіт өмірден өз орнын таба алмай жүрген ерке мінезді студент Нұрисламға тәлімгер болады. Қарапайым жаттығудан басталған бұл қарым-қатынас көп ұзамай екеуінің де көзқарасын өзгертеді. Олар талай сынақтан бірге өтеді. Жеңіліс пен алғашқы махаббатты, қорқыныш пен күмәнді еңсеріп, нағыз жеңістің қарсыласты емес, өзіңді жеңу екенін түсінеді. «Тау адам» — тәлімгер мен шәкірт арасындағы сенім, екінші мүмкіндік және жігер туралы спорттық драмедия.
Бір-ақ түн, (Всего одна ночь)
Жанры: драма, комедия, мелодрама
Ұзақтығы: 103 минут
Ел: АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Уилл Глак
Нью-Йоркте жылына бір рет жыныстық қатынасқа заңмен рұқсат етіледі. Дәл осы ерекше күні Оуэн мен Элли кездейсоқ танысып, бір-біріне ғашық болады. Алайда сезімге бой алдырған қос кейіпкердің бақытқа бастар жолында күтпеген кедергілер көп болады.
Моана
Рейтинг: 5,9
Жанры: экшн, шытырман оқиға, комедия, мюзикл, фэнтези, отбасылық
Ұзақтығы: 120 минут
Ел: АҚШ, Жаңа Зеландия, 2026 жыл
Режиссері: Томас Каил
Моана мұхиттың кезекті шақыруына құлақ асып, Мотунуи аралының рифінен алғаш рет асып өтеді. Ол атақты жартылай құдай Мауимен бірге теңізге аттанып, жаңа әрі қауіпті сапарға шығады. Алда олардың халқына бақ-береке әкелетін ұмытылмас саяхат күтіп тұр.
Робин Гудтың өлімі, (Смерть Робин Гуда)
Рейтинг: 6,0
Жанры: экшн, шытырман оқиға, драма
Ұзақтығы: 122 минут
Ел: АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Майкл Сарноски
Шервудтың әйгілі батыры, «Ұрылар ханзадасы» атанған Робин Гуд көптен бері қарақшылықпен айналыспайды. Алайда оны іздеу әлі де тоқтаған жоқ. Одан кек алғысы келетіндер де аз емес. Үнемі қауіп-қатердің ортасында жүрген Робин Гуд жасырынып, өзінің шын есімін құпия ұстайды. Бірақ ол өткенінен қанша қашса да, бір күні өзі туралы шындықты айтуға тиіс.
Жарқырайтын уақыт, (Время сиять)
Жанры: драма, спорт, фэнтези
Ұзақтығы: 120 минут
Ел: Оңтүстік Корея, 2026 жыл
Режиссері: Ким Сон-хо
Бұл — жасөспірімнің есейіп, өмірдегі өз орнын табуы туралы спорттық драма. Фильмнің басты кейіпкері — бейсбол ойнайтын мектеп оқушысы. Ол қатарластарының қорлығына төтеп беруге тырысады. Осы кезде сыныпқа жұмбақ мінезді жаңа оқушы келеді. Екеуінің арасында берік достық қалыптасады. Кейін жаңа сыныптасы жас спортшының командадағы менеджері болып, қиындықтарды еңсеріп, өзіне деген сенімін арттыруға көмектеседі.
Іш, же. Дұға ет. Арықта, («Ешь. Молись. Худей»)
Рейтинг: 5,6
Жанры: қорқынышты фильм
Ұзақтығы: 113 минут
Ел: Австралия, 2026 жыл
Режиссері: Натали Эрика Джеймс
Медицина факультетінде оқитын қыз бір жігітке ғашық болады. Алайда артық салмағына ұялып, онымен танысуға батылы жетпейді. Жігітке ұнау үшін ол арықтаудың қауіпті тәсіліне жүгінеді. Қыз адам күлін тағам ретінде жей бастағанда, ашқарақ зұлым рухтың құрбанына айналады.
Қара таудың жындары, (Демоны Чёрной горы)
Жанры: шытырман оқиғалы қорқынышты фильм
Ұзақтығы: 107 минут
Ел: Индонезия, 2026 жыл
Режиссері: Жосе Поерномо
Жігітінен 24 сағат бойы хабар болмаған соң, мектеп оқушысы Авиндия оны іздеуге шығады. Оған екі құрбысы — Агнес пен Моджо қосылады. Үшеуі Мербабу тауына аттанады. Тауда олар қара магияның құрбаны болған тау қарауылының қаза тапқанын біледі. Жақындарын осы тауда жоғалтқан Йога мен Диска да іздеу тобына қосылады. Бесеуі жоғалған жақындарын табу үшін таудағы жұмбақ оқиғалардың сырын ашады. Сонымен қатар олар жаңа Кунсеннің кім екенін анықтауға тырысады.
Демонолог
Жанры: хорор
Ұзақтығы: 104 минут
Ел: Жапония, 2026 жыл
Режиссері: Дэйв Бойл
Қала сыртындағы қонақүйдің жаңа иелері келушілерді қорқытып жүрген елесті қуып шығу үшін Айри есімді жын қуушы қызды жалдайды. Алайда Айри көп ұзамай оның қарапайым елес емес, өлілер мен тірілер әлеміне бірдей тиесілі жын екенін түсінеді. Оның басты ережесі — түнде ешқашан жұмыс істемейді. Бірақ жынды жеңу үшін ол бұл қағидасын бұзып, өзі қорқатын қараңғылыққа бетпе-бет келуге мәжбүр болады.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.