Аптаның жаңа кинопремьераларына шолу

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада кинотеатрлар репертуары шетелдік хоррорлар мен шытырман оқиғалы драмалармен толықты. Халықаралық деңгейде танылған актерлер мен режиссерлердің фильмдері көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, отандық жаңа туынды да прокатқа шықты.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Kazinform тілшісінің шолуында осы аптадағы ең басты кинопремьераларды ұсынамыз.

Сансыз бай

Жанры: комедия

Ұзақтығы: 78 минут

Ел: Қазақстан, 2026

Режиссері: Айбек Нигмет 

Бай шаруа иесі Сансызбай тығырыққа тіреледі. Оның есепшісі Арнат жалақысын 3 миллионға көтеруді талап етеді. Себебі ол беделді адамның қызына үйленуді жоспарлап жүр. Алайда көп ұзамай ол қыздың әкесі Сансызбай екені белгілі болады.Ал ұрланған ақша — екеуі заңсыз иеленген мемлекеттік субсидиялар. 

Зұлым өлілер: Өлім оты (Зловещие мертвецы: Пламя смерти)

Рейтинг: 6.9

Жанры: детектив, қорқыныш, қиял-ғажайып.

Ұзақтығы: 120 минут

Ел: Жаңа Зеландия, АҚШ, Канада, 2026

Режиссері: Себастьян Ваничек

Күйеуі қайтыс болғаннан кейін әйел оның туған-туыстарының үйіне келеді. Алайда көп ұзамай отбасы мүшелерін жын-шайтан билеп, қаралы жиын қорқынышты оқиғаға ұласады. Осы сәтте әйел махаббат пен адалдыққа берген серттің өліммен де аяқталмайтынын түсінеді.

Тәтті ертегі (Сладкая сказка) 

Рейтинг: 4.7

Жанры: шытырман оқиға

Ұзақтығы: 115 минут

Ел: Чехия, 2025

Режиссері: Павел Жандоурек

Аничка - жас дәрігер. Ол ескі үй мен қараусыз қалған стоматология кабинетін мұраға алады. Тылсым өсімдіктің көмегімен жанды ауыртпай емдеудің құпиясын ашады. Алайда бұл жаңалық жергілікті тіс дәрігерінің қарсылығын туғызады. Қиын сәтте Аничкаға қаладағы батыл балалар көмекке келеді.

Сұр аюмен өткен түн (Ночь с гризли )

Рейтинг: 4.5

Жанры: триллер

Ұзақтығы: 87 минут

Ел: АҚШ, 2026

Режиссері: Берк Доерен

1967 жыл. 12 тамыз. Кешкі уақыт. Монтана штатындағы «Глейшер» ұлттық саябағы. Бір топ дос демалыс күндерін қала тіршілігінен алыс, табиғат аясында өткізуді жоспарлайды. Алайда олар байқамай алып сұр аю мекендейтін аумаққа кіріп кетеді. Осы сәттен бастап өмір үшін күрес басталады. 

Бұл — хит!

Рейтинг: 6.8

Жанры: драма, комедия, мюзикл

Ұзақтығы: 98 минут

Ел: Ирландия, АҚШ, 2026

Режиссері: Джон Карни

Рик есімді музыкант тойларда өнер көрсетіп, ақша табады. Бір күні оған бойз-бэнд жұлдызы Дэнниге музыкалық сүйемелдеу жасау ұсынылады. Кеш соңында олар шағын джем-сейшн өткізіп, өз әуендерімен бөліседі. Кейін Дэнни Риктің әнін әлемдік хитке айналдырады. Рик өз авторлық құқығын қорғап, еңбегінің әділ бағасын алуға бел буады. Алайда оның сөзіне ешкім сенбейді, тіпті әйелі мен қызы да күмән келтіреді.

Қаһарлы ашу (Живая ярость)

Рейтинг: 7.0

Жанры: боевик, қылмыс

Ұзақтығы: 113 минут

Ел: Гонконг, 2026

Режиссері: Кэндзи Танигаки

Қолөнер шебері Ван Вэйдің қызы қылмыстық топтың қолына түседі. Әкесінің басқа амалы қалмай, қызын өзі іздеуге аттанады. Оның жалғыз серігі — журналист Навин. Оның да әйелі жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен. Әртүрлі ортадан шыққан екі ер адам бір-біріне сенуді және бірлесе әрекет етуді үйренеді. Олар бұл жолда өздерінің құпия өткенінен қалған жекпе-жек өнеріндегі шеберліктерін пайдаланады.

Атамның ауылына жол 2 (На деревню дедушке 2)

Жанры: отбасылық комедия

Ұзақтығы: 93 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссері: Владимир Котт

Владик демалысын тағы да ауылдағы сүйікті атасы Юраның жанында өткізбек болады. Бірақ бұл жолы оның өміріне әкесінің әкесі — бұрынғы дипломат араласады. Екі атаның арасында немересінің махаббатына талас басталады. Ал жаңа атаның жұмбақ әрі қауіпті өткені ашылғанда, кімнің шын мәнінде жақын екенін көрсетуге мүмкіндік туады.

Сиқыршылар мектебі (Школа волшебников)

Рейтинг: 6.9

Жанры: фэнтези, отбасылық.

Ұзақтығы: 110 минут

Ел: Чехия, 2026

Режиссері: Петр Кубик, Лукаш Парик

Ариана сиқырлы әлемнің бар екенін елестеткен де емес. Алайда алхимик Архибальд оны тұман басқан тауларда орналасқан құпия сиқыршылар мектебіне шақырады. Көне қабырғалардың арасында қыз жаңа достар тауып, тылсым құпияларды ашады. Бірақ көп ұзамай ол сиқырлы артефактінің соңына түскен қауіпті сиқыршы Муриенге қарсы тұруға мәжбүр болады.

Джотто. Қайта өрлеу дәуірінің бастауы (Джотто. Предчувствие Ренессанса)

Жанры: деректі фильм, өнер

Ұзақтығы: 95 минут

Ел: Италия, 2023

Режиссері: Франческо Инверницци

Фильм XIV ғасырдағы Падуя қаласының өнер және мәдениет орталығы ретінде қалыптасу тарихын баяндайды. Онда Джоттоның әйгілі фрескалары мен тарихи сәулет ескерткіштері көрсетіледі. Сондай-ақ, қаланың Қайта өрлеу дәуіріне қосқан үлесі баяндалады.

Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.