Аптаның екі күнінде «Нұр Отан» партиясында бір лауазым иесі БАҚ сұрақтарына жауап береді - Б.Уәли

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласына қатысты пікірін айта келе, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли бұл мақала мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған жол картасы іспетті, дейді.

«Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін бес институттық реформаны айқындап бергені белгілі. Осы реформаларды кезең-кезеңімен іске асыру арқылы, Қазақстан бүгінгідей жаһандық күрделі экономикалық ахуалдың елімізге тигізер әсері мейлінше жұмсарта отырып, өзіндік даму жолын қалыптастыруды көздейді. Мемлекет басшысы жуырда ғана жария еткен «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған жол картасы іспетті деп айтуға болады. Бұл мақала - бес институттық реформаны практикалық тұрғыда жүзеге асыру механизмдерін айқындап берді»,-дейді Б.Уәли.

Бұл ретте, Президент «Нұр Отан» партиясына бес институттық реформаның аясында «Жүз нақты қадам» - ұлт жоспарын кеңінен насихаттауды тапсырған еді. Берік Уәли хабарлағандай, енді аптаның әр сейсенбісі мен бейсенбісінде «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығында үкімет мүшелерінің біреуі, депутаттар мен өзге де лауазымды тұлғалар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап береді және сол арқылы Елбасының жуырдағы мақаласын насихаттауға үлес қосады.

«Бағдарламалық құжаттың негізгі өзегі де сол - әрбір қазақстандықтың әл- ауқатын жақсарту, оның құқығы мен бостандығын сақтау. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы еліміздегі негізгі саяси күш «Нұр Отанға» бес реформаның аясында жүз нақты қадам - ұлт жоспарын кеңінен насихаттауды тапсырған болатын. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратындағы баспасөз орталығында аптаның әр сейсенбісі мен бейсенбісінде (Үкімет мүшелері, депутаттар, өзге де лауазым иелері - агенттік) лаузымды тұлғалар келіп, БАҚ сұрақтарына жауап беретін болады»,-деп хабарлады өз пікірін айта келе Б.Уәли.