Аптаның негізгі кадрлық тағайындаулары
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Ыдырысов Ерлан Әбілфайызұлы 1959 жылы 28 сәуірде Қарағанды облысында туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, КСРО Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясын бітірген. Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі консульдық бөлімінің екінші хатшысы, министрдің көмекшісі, бөлім меңгерушісі, халықаралық экономикалық қатынастар жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарған. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, сыртқы істер вице-министрі - 1-ші департамент директоры. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы сыртқы істер бірінші орынбасары. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрі, министрдің бірінші орынбасары. 2002-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Швед Корольдігіндегі, Норвегия Корольдігіндегі, Ирландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы қызметін атқарған. 2007-2012 жылдары ҚР-ның Бразилия Федеративтік Республиксындағы төтенше және Өкілетті елшісі. 2012 жылғы қыркүйектен 2016 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі лауазымында болды. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған.
Елбасы Жарлығымен Ержан Қазыханов Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалған ол, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Ирландиядағы, Исландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды. Қазыханов Ержан Хозеұлы Алматы қаласында 1964 жылдың 21 тамызында дүниеге келді. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін, КСРО Сыртқы істер министрлігі жаныдағы Дипломатиялық академияны және Үндістан халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1995-2000 жылдары - Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігінің кеңесшісі. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры. 2003 жылдан Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2008-2011 жылдары - Австрия Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі. 2011 жылғы 8 ақпаннан - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2011 жылғы сәуір айынан 2012 жылдың қыркүйегіне дейін - ҚР Сыртқы істер министрі. 2012-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2014 жылдың қыркүйегінен - осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Ирландиядағы, Исландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарды.
Сонымен қатар осы аптада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімдерімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне жауапты хатшы тағайындалды.
«Аида Дәденқызы Құрманғалиева Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды; Болат Тұрғанұлы Төкежанов Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды», - делінген құжатта.
Аида Дәденқызы Құрманғалиева 1970 жылы 30 желтоқсанда дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Экономикалық және әлеуметтік жоспарлау» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде экономист қызметінен бастады. 1997-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2002 жылы Австрияда, Вена қаласындағы Біріккен Вена Институтында (Joint Vienna Institute), 2008 жылы - Дьюк Университетінде (Duke University), Солтүстік Каролина, АҚШ; 2009 жылы - Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінде (Lee Kuan Yew school of Public Policy), Сингапурде білім алды. 2002 - 2009 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің әлеуметтік саланың шығыстарын жоспарлау және әлеуметтік саланы дамыту департаменттерінің директоры. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2009 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды. 2013 жылғы ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы. Бұл қызметкер 2014 жылдың тамыз айында тағайындалды. Қызметі үшін ҚР Президентінің 2005 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР Премьер-Министрінің алғыс хатымен марапатталды. Экономика ғылымының кандидаты.
Болат Тұрғанұлы Төкежанов 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. 1994-1995 жылдары Шығыс Қазақстан облысы салық инспекциясының аға салық инспекторы болып қызмет атқарды. 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Міндетті медициналық сақтандыру қорының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде қызмет атқарды. 1999-2000 жылдары - Медициналық қызметке ақы төлеу орталығының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесі директорының орынбасары, директоры. Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық» РМК-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры. 2001 жылдың қаңтарынан 2003 жылдың қарашасына дейін Шығыс Қазақстан облысының Ақпараттық-медициналық орталығын басқарды. 2003 жылдың қараша айынан медицинаны және халықаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бастығы, 2005 жылдың ақпанынан 2007 жылдың қаңтарына дейін стартегиялық даму және халықаралық қатынастар басқармасының бастығы болды. 2007 жылдың қаңтарынан 2010 жылдың тамыз айына дейін Стратегиялық даму және халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары, Қаржы және экономика департаменті директорының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 2010 жылдың қыркүйек айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму департаментінің директоры болып тағайындалды. 2013 жылы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып тағайындалды. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің (2002), ҚР Денсаулық сақтау министрінің (2004) құрметті граматоларымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астанаға 10 жыл» (2008) мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Денсаулық сақтау ісінің үздігі (2006).
Рақымжан Нұрсейітов және Еркін Садықов Ғылым комитеті төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды. Рақымжан Сайлауұлы 1972 жылы 24 наурызда Қызылорда қаласында туған. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң кеңесшісі. 2000 жылдан бастап Қызылорда облыстық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған, Қызылорда қ., Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы, Талдықорған қ., Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары, Астана қ.. 2017 жылдың 7 ақпанында ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Еркін Тоқмұхамедұлы 1964 жылы 4 қаңтарда Алматыда туған. 1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ МУ «Саяси экономия» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының докторы. 1986-1994 жж ассистент, аға оқытушы, доцент, Әл Фараби атындағы Қазақ МУ деканның орынбасары болған. 1994-1997 жж. ҚР СЭБМ бас басқармасы басшысының орынбасары, ҚР өнеркәсіп және сауда министрлігінің өнеркәсіп және сауда саясаты бас департаментінің бас директорының орынбасары қызметін атқарған. 1997-2017 жж. Алматы қ. Әкімдігінің сыртқыэкономикалық және мәдени байланыстар комитеті төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары, «ҚазЭкспортГарант» СК» АҚ басқарма төрағасы болған. 2017 жылдың 6 ақпанында ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылдың 14 ақпанындағы № 70-л/с бұйрығына сәйкес, Аниятулла Өмірзақұлы Сәрсенов Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің басшысы қызметіне тағайындалды. Аниятулла Өмірзақұлы 1969 жылы дүниеге келген, қазақ, жоғары білімді. 1990 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметті сараптау», 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген.
Өтіп кеткен аптада прокуратура органдарында да біршама ауыс-түйістер орын алды. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асановтың 2017 жылдың 14 ақпанындағы бұйрығы негізінде Болат Бекназарұлы Дембаев Астана қаласының прокуроры қызметіне тағайындалды. Болат Бекназарұлы бұған дейін - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Қылмыстық істер бойынша мемлекет мүддесіне өкілдік ету және сот актілерінің заңдылығын қадағалау департаментінің басшысы болып қызмет істеген. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асановтың 2017 жылдың 14 ақпанындағы басқа бұйрығы негізінде Сабыржан Мәдиұлы Бекбосынов құқық қорғау қызметінде болудың шекті жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды.
Алматы облысына да жаңа прокурор келді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыстық активтің отырысы өткен болатын. Жиында ҚР Бас Прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев облыс активіне Алматы облысының жаңа прокуроры Азамат Сембайұлы Жылқыбековті таныстырды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бірінші кезекте Алматы облысының прокуроры болған Ғабит Төреұлы Миразовтың 5 жылда атқарған жұмысына оң баға беріп, ортақ мүддеге жету мақсатында бірлесе атқарған еңбегі үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде Ғабит Миразов Алматыға жаңа прокурор болып келді. Қала прокуратурасы бұл ақпаратты растады.
Енді облыс әкімдіктерінде және өзге де бөліністерде орын алған тағайындауларға көшсек.
Ақмола облысы әкімінің орынбасарлары мен бірінші орынбасары тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде облыс әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Дәурен Зекенұлы Әділбеков тағайындалды. Сондай-ақ Егор Яковлевич Каппель мен Жанболат Амангелдіұлы Смайылов әкімнің орынбасарлары болды.
Д.З. Әділбеков 1956 жылы туған, білімі жоғары. Инженер- электр механигі мамандығы бойынша Новосібір электртехникалық институтын, жоғары дәрежелі менеджер мамандығы бойынша Халық шаруашылық академиясын (Мәскеу қ.) аяқтады. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Әр жылдары Көкшетау облысы әкімінің орынбасары, Солтүстік Қазақстан облыстық экономика басқармасының бастығы, Көкшетау қаласының әкімі лауазымдарын атқарды. 2008 жылғы қазаннан бастап Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып қызмет жасады. «Құрмет» орденімен және мерекелік медальдармен марапатталған.
Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігіне де жаңа орынбасар келді. Жамбыл облысы әкімінің 2017 жылғы 15 ақпандағы №51 өкімімен Ғалымжан Райылұлы Әбдірайымов Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Ғалымжан Райылұлы 1965 жылы туған. Білімі - жоғары, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын және «Тұран» университетін бітірген. Мамандығы бойынша - құрылыс инженері және заңгер. Еңбек жолын Жамбыл облысында «Шығыс» ұжымшарында құрылыс учаскесінің мастері болып бастады. Әр жылдары шаруа қожалығының төрағасы, сәулет-құрылыс фирмасының атқарушы директоры, Алматы қалалық орталығы лицензиялау, сәулет-қала құрылысы қызметінің сарапшысы, бас маманы, бөлім бастығы, директоры, Алматы облысы бойынша сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау аумақтық басқармасының бастығы, Астана қаласы бойынша индустрия, сауда және шағын бизнесті қолдау департаменті директорының орынбасары, Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, Құрылыс және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, қадағалау, лицензиялау және аттестаттау департаментінің директоры - Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылыс инспекторы, Қазақстан Республикасы даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2014-2015 жылдары Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы, 2015-2017 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен.
Сонымен қатар Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңір активіне жаңадан орынбасары болып тағайындалған Айдарбек Байжановты таныстырды.
Айдарбек Естебекұлы 1964 жылы дүниеге келген. 1991 жылы Алматы халықшаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша, ал 2005 жылы Қазақстан-Ресей университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1981 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының спорт мектебінде жаттықтырушы мұғалім болып бастаған. Әр жылдары «Ақжайық», «Жамбыл былғары аяқкиім» бірлестіктерінің директоры, Жамбыл облысы әкімі аппаратында іс басқарушының орынбасары, бас инспектор, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде қазыналық кәсіпорын директоры, Алматы облысы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының бас инспекторы, «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» директорының орынбасары, директоры, «Астана өнім» акционерлік қоғамының директоры, Астана қаласында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының директоры, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының басқарушы директоры болып қызмет атқарған. 2016 жылдың ақпанынан - «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының орынбасары. Ал, бұған дейін облыс әкімінің орынбасары болып қызмет еткен Ғалымжан Райылұлы Әбдірайымов Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев әкім аппаратының басшылық құрамы мен басқарма басшыларына жаңа тағайындалған аппарат басшысын таныстырды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен облыс әкімі аппараты басшысы лауазымына Әуелхан Елтайұлы Тұрғынбеков тағайындалды. Облыс әкімі аппаратының алдында тұрған шешілуі тиіс мәселелерге тоқталған өңір басшысы тағайындалған аппарат басшысына жаңа міндеттер жүктеді. «Әуелхан Елтайұлының осыған дейін де облыс әкімі аппараты басшысы болғанын білесіздер, сондықтан оның жинақтаған мол тәжірибесі алдағы жұмысына үлкен көмегі тиетін болады. Осыны ескере отырып, облыс әкімі аппараты қызметіндегі өзекті мәселелерге терең талдау жасап, жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету, кадрлық құрамды нығайту және тәртіпті күшейтуді. Мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттау іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыруды. Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі және өзге де жоғары органдардан келіп түсетін тапсырмалардың, облыс әкімі тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді. Аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың арасында өзара іс-әрекеттестік деңгейін арттыруды тапсырып, осы жұмыстарды тиісті деңгейде іске асыратыныңа сенім білдіремін», - деді әкім.
Әуелхан Елтайұлы 1959 жылы 29 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы бойынша инженер-механик, инженер-экономист. Еңбек жолын 1981 жылы бұрынғы Шымкент облысы Леңгір ауданы «Ауыл шаруашылығы техникасы» өндірістік бірлестігінің аға инженер-технологы ретінде бастаған. Кейін аудандық және облыстық комсомол ұйымдарында, жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметтерде еңбек етіп, Төле би, Шардара, Сайрам аудандарының әкімі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарған. 2016 жылдың тамызынан бастап осы күнге дейін Түлкібас ауданының әкімі болып қызмет атқарды.
Астананың Өрт сөндіру қызметіне жаңа басшы келді.
Астана қаласы ТЖ департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Б. Дұзақбаев жеке құрамға астаналық Өрт сөндіру қызметінің жаңа бастығын таныстырды. Бұл лауазымға азаматтық қорғау полковнигі Руслан Елшібаев тағайындалды. «Руслан Мұқанұлы азаматтық қорғау органдарында 20 жылдан астам еңбек етіп келеді. Біз оны білікті әрі білімді басшы ретінде танимыз. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрменің қарсаңында Өрт сөндіру қызметінің әр маманының иығында үлкен жауапкершілік жатқанын түсінуіміз керек. Сіз өз ісінің маманы ретінде алға қойылған барлық міндеттерді орындай алатыңызға сенемін»,-деді Б. Дұзақбаев. Елшібаев Руслан Мұқанұлы 1974 жылы Ақмола облысының Ерейментау ауданына қарасты Үленті ауылында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 1994 жылдың қыркүйек айынан бастап қызмет етуде. «Қызмет атқару жылдары өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Жақсы ұйымдастырушылық қасиеттерге ие. Қызметтік мәселелерді шешу барысында табандылық білдіреді, қызметкерлерге алға қойылған міндеттерді орындауға бағыт бере алады»,-деп атап өтілген ТЖД мәліметінде. ҚР ТЖМ «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» II және ІІІ дәрежелі медальдармен, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің құрмет грамотасымен, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. Астана қаласы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары лауазымына азаматтық қорғау полковнигі Сәкен Қуанышбаев тағайындалды. Ол азаматтық қорғау органдарында 1998 жылдан бастап қызмет етуде.
Қостанай облысы Ішкі істер департаментінде ІІД бастығының жаңа орынбасары мен жеке қауіпсіздік басқармасының бастығы тағайындалды. Полиция полковнигі Мерек Нағашыбайұлы Алшағыров облыстың ІІД бастығының орынбасары болып тағайындалды. Бұдан бұрын ол Қостанай қаласы ІІБ, Жітіқара АІІБ, Денисов АІІБ бастығы болған. Полиция подполковнигі Саят Паркизатұлы Омарғазин Қостанай облысы ІІД жеке қауіпсіздігі басқармасын басқарады. Бұжан бұрын ол көліктегі ІІД ЖҚБ бастығының орынбасары болған.
Маңғыстау денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы қызметіне Клара Оралбаева тағайындалды. 2015 жылдан бастап Клара Оралбаева мекеме басшысының халыққа медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының сайтында денсаулық сақтау саласындағы жүйелі құқықбұзушылықтар анықталғаны хабарланды. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Марал Қадыр пара алды деп айтыпталуда.