AP мәліметінше, ауа райының қалыптан тыс ыстық болуы мен жауын-шашынның аздығынан балық шаруашылығы саласының шығыны бірнеше миллион долларға бағаланып отыр.
Зардап шеккен елдердің қатарында Сербия, Словения, Босния және Герцеговина, Чехия, Румыния мен Венгрия бар.
– Еуропалық елдер мен бизнес 2026 жылғы дағдарысқа дайын болмай шықты. Енді оларға болашақта осындай қалыптан тыс ауа райы құбылыстарының салдарын азайтудың жолдарын іздеуге тура келеді, – деп жазады Associated Press.
Қалыптасқан жағдайды ауыл шаруашылығындағы өнім көлемінің төмендеуі, сондай-ақ сауда мен өзен арқылы жүк тасымалдау салаларындағы шығындар күрделендіріп отыр.
Бұған дейін Францияда аптап ыстық пен құрғақшылық салдарынан 2026 жылы картоп өндірісі 21%-ға қысқаратыны хабарланған еді. Бұл Бельгияның фри картобын өндіретін өнеркәсібіне қажетті шикізат тапшылығына әкелуі мүмкін.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы да Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты әлемде елеулі азық-түлік дағдарысы туындауы мүмкін екенін ескерткен болатын.