Аптап ыстық Германия экономикасына қалай әсер етіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Германияда 26 маусым күні ауа температурасы тарихи рекордқа жетті, деп хабарлайды DW .

Фото: Florian Gaertner/photothek.de

Саарбрюккен қаласындағы метеостанцияда термометр 41,3 градус Цельсийді көрсетті. Алайда метеорологтардың болжамынша, бұл рекорд ұзақ сақталмауы мүмкін. Алдағы демалыс күндері аптап ыстықтың бәсеңдеуі емес, керісінше күшеюі күтіліп отыр. 

Аптап ыстық адамдардың денсаулығына ғана емес, экономикаға да әсер ете бастады.

– Ауа температурасы 30 градустан асқанда еңбек өнімділігі әрбір қосымша 1 градус сайын 3 пайызға төмендейді, ал электр энергиясына жұмсалатын шығын 1,2 пайызға артады, – дейді Allianz сақтандыру концернінің экономикалық саясат жөніндегі зерттеушісі Катарина Утермёль.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда адамдар баяу жұмыс істейді, жиі қателеседі, ал өндірістік жабдықтар қызып кетеді. Оларды салқындату үшін қосымша электр энергиясы қажет, ал ол қымбатқа түседі. Сонымен қатар Солтүстік Еуропа елдеріндегі ғимараттар суық қыста жылуды сақтауға бейімделіп салынғандықтан, жаздағы ыстыққа төтеп беруге қолайсыз.

Германияның Федералдық еңбек министрлігінің мәліметінше, ауа температурасы 30 градустан асатын күндері еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу жағдайлары шамамен 3,5 пайызға көбейеді. Ал аптап ыстық ұзаққа созылған кезде бұл көрсеткіш 6 пайызға дейін жетеді.

Allianz болжамына сәйкес, осындай жағдай сақталса, 2026–2030 жылдары Германия экономикасының жалпы шығыны шамамен 120 млрд еуроны құрауы мүмкін. Сонымен бірге елдің жалпы ішкі өнімі 3 пайызға төмендеуі ықтимал.

Климаттың өзгеруінен туындайтын экономикалық шығын тұрғысынан алғанда Германия әзірге орташа деңгейде тұр. Ал Франция, Италия және Испания бұл салдардың әлдеқайда ауыр зардабын сезіне бастады. Керісінше, Солтүстік Еуропа елдері әзірге климаттың жылынуынан белгілі бір пайда көріп отыр, өйткені қыстың жұмсақ болуы жылыту шығындарын азайтады.

Айта кетейік, Еуропадағы аптап ыстық 50 жыл бұрын мүмкін емес болғанын жаздық

Ал Франциядағы аптап ыстыққа байланысты атом реакторлары уақытша тоқтатылды.