Еуропадағы аномальді ыстық – «жаңа қалып»
Испания мен Португалия шекарасындағы Эль-Гранадо қаласында 30 маусымда ауа температурасы 46°C-қа дейін көтерілді. Бұл – Испаниядағы жаздың алғашқы айына тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Елдің бірнеше аймағында дабылдың қызыл деңгейі жарияланды.
Осы рекордтық ыстық аясында Севилья қаласында БҰҰ-ның даму қаржыландыруы жөніндегі конференциясы өтті. Оған БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те қатысты.
– Аптап ыстық енді сирек құбылыс емес – ол жаңа қалыпқа айналды. Жер шары барған сайын ысып, қауіпті болып барады – бұл қатерден ешбір ел сақтандырылмаған, – деп жазды ол Х платформасында.
Гутерриш климаттың өзгеруіне қарсы батыл әрекетке шақырды.
Францияда 400 гектар орман өртенді
Жерорта теңізінің оңтүстік-батыс жағалауындағы Окситания аймағында қатты ыстықтың салдарынан шыққан орман өрті 400 гектар аумақты күлге айналдырды. 1 шілде, сейсенбі күні Парижде және тағы 15 департаментте аптап ыстыққа байланысты дабылдың қызыл деңгейі жарияланады.
Францияның энергетикалық ауысым министрі Аньес Панье-Рюнаше елдегі ауа райын «көз көріп, құлақ естімеген құбылыс» деп атады.
Ең ыстық Уимблдон
30 маусым күні Лондонда 30°C шамасындағы ыстықта әйгілі Үлкен дулыға теннис турнирі – Уимблдон басталды. Бұл – жарыс тарихындағы ең ыстық алғашқы күн ретінде тіркелді.
Бұған дейін әлемдегі ең құрғақ шөлге қар түскенін жаздық.