Аптап ыстық: Қазгидромет 16 өңір мен Астанада күн райына байланысты ескерту жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – 18 шілдеде Астана мен еліміздің 16 өңірінде күн райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Қазгидромет.

Фото: Александр Павский / Kazinform

18 шілдеде Астанада күндіз ауа температурасы 35–36 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және шығысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Батысында, солтүстігінде және шығысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Күндіз аптап ыстық 35–38 градус болады. Облыстың батысы мен оңтүстігінде, сондай-ақ солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Қызылорда облысының батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, шаңды дауыл көтеріледі. Солтүстік-батыстан, солтүстіктен соғатын желдің екпіні 15–20 м/с болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады. Күндіз ауа температурасы 42–44 градусқа дейін көтеріледі.

Атырау облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Облыстың оңтүстік-шығысы мен солтүстік-шығысында жоғары, ал солтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысында батыстан және оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15–20 м/с болады. Күндіз 36–39 градус ыстық күтіледі. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланған.

Қарағанды облысында күндіз 35–37 градусқа дейін аптап ыстық болады. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады, ал батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.

Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай болады. Батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. 18–20 шілде аралығында күндіз 35–38 градус ыстық күтіледі. Солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында жоғары, ал оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Қостанай облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл соғуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с болады. Оңтүстікте күндіз 37 градусқа дейін ыстық болады. Батысында жоғары, шығысы мен орталығында жоғары, ал оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысында күндіз өте қатты ыстық болып, ауа температурасы 43–45 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік-шығыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысады. Облыста жоғары өрт қаупі сақталып, батысында, солтүстігінде және шығысында төтенше өрт қаупі жарияланған.

Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз бұршақ, дауыл және шаңды дауыл тұрады. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетеді. Оңтүстікте күндіз 35 градус ыстық болады. Жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ, дауыл болады. Желдің екпіні 15–20 м/с. Оңтүстік-шығысында күндіз 35 градусқа дейін ыстық болады. Батысында, шығысында және орталығында жоғары, ал оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Желдің екпіні 15–20 м/с. 18–21 шілде аралығында күндіз 35–38 градус ыстық болады. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі жалғасады.

Абай облысының шығысы мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыстан және солтүстіктен соғатын желдің екпіні 15–20 м/с. 18–21 шілдеде күндіз 35–38 градус ыстық күтіледі. Солтүстігі мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының солтүстігінде, батысында және орталығында жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні оңтүстікте 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Күндіз өңірдің оңтүстігі мен орталығында 38–42 градус ыстық болады. Жоғары өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысында күндіз ауа температурасы 40–45 градусқа дейін көтеріліп, өте қатты ыстық болады. Алакөл көлдері ауданында шығыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с, кейде 23–28 м/с-қа дейін жетеді. 18–20 шілдеде таулы аудандарда 35–37 градус ыстық күтіледі. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Батыстан және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с. Облыстың батысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының шығысында күндіз 35–38 градусқа дейін ыстық болады. Облыста жоғары өрт қаупі сақталып, солтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі жарияланған.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қытай аптап ыстықпен «жасанды жаңбыр» арқылы күресіп жатыр.