Аптап ыстық, өрт қаупі, күшті жел: Қазгидромет ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — 23 маусымда Қазгидромет елдің 16 облысы мен 3 мегаполисінде ауа райына байланысты ескерту жариялады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде шаңды дауыл, найзағай, бұршақ, қатты жел және аптап ыстық күтіледі. Сонымен қатар өрт қаупі де жоғары болуы ықтимал.

Астана қаласында күндіз шаңды дауыл соғады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы 35–37 градусқа дейін көтеріледі.

Елдің оңтүстік және орталық өңірлерінде аптап ыстық күшейеді. Әсіресе Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Жетісу облыстарында ауа температурасы 38–41 градусқа дейін ысиды.

Ең жоғары температура Түркістан қаласы мен облысында тіркелуі мүмкін. Мұнда сынап бағаны 41 градусқа дейін көтеріледі.

Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Қарағанды облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауылды жел мен шаңды дауыл күтіледі.

Маңғыстау, Қызылорда және Қарағанды облыстарының жекелеген аумақтарында шаңды дауыл болуы ықтимал.

Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында қатты жел соғып, жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Синоптиктер тұрғындарға күннің ыстық уақытында ұзақ уақыт далада жүрмеуге, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.

Осыған дейін СҚО-да аптап ыстықтың көпжылдық нормадан 5 градусқа жоғары болғаны туралы жаздық.