Аптап ыстық пен құрғақшылық: БҰҰ алдағы апталарда Эль-Ниньо күшейетінін ескертті

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ алдағы апталарда Эль-Ниньо құбылысының қалыптасуы мүмкін екенін ескертті. Бұл климаттық құбылыс әлемде жаңа температура рекордтарына, құрғақшылыққа, су тасқынына және орман өрттеріне әкелуі мүмкін, деп хабарлайды BBC .

Фото: Kaзгидромет

Эль-Ниньо Тынық мұхиты үстіндегі желдердің айналымының өзгеруінен пайда болады. Соның нәтижесінде жылы су шығысқа қарай таралып, мұхит температурасы мен планетаның біраз аймағында атмосфералық үдерістерді өзгертеді.

Мамандардың айтуынша, қазір Тынық мұхитының орталық бөлігінде әдеттен тыс қатты жылынған судың үлкен аумағы байқалып отыр. Кейбір аймақтарда температура қалыпты деңгейден Цельсий бойынша 6 градустан да жоғары. Бұл жылы су массасы бірнеше жүз метр тереңдікте таралып жатыр және алдағы Эль-Ниньоның негізгі белгілерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.

Ұлыбритания метеорологиялық қызметінің ұзақмерзімді болжамдар бөлімінің жетекшісі Адам Скейф ірі климаттық құбылыс болуы ықтимал екенін айтты.

— Біз қуатты Эль-Ниньо болатынына сенімдіміз. Оның рекордтық деңгейге жетуі де мүмкін, — деді сарапшы.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жаңа Эль-Ниньо жаһандық жылынудың салдарын күшейтетіні туралы ескертті. Оның айтуынша, экстремалды ауа райы құбылыстары күшейіп, көп елге әсер етуі мүмкін.

Эль-Ниньо әдетте Оңтүстік Америка, Австралия және Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір аймақтарында ыстық әрі құрғақ ауа райына әкеледі. Ал әлемнің басқа бөліктерінде нөсер жауын мен су тасқынының қаупі артады. АҚШ пен Африка елдерінің жекелеген аймақтары да қауіп аймағында болуы мүмкін. Климаттың өзгеруі миллиондаған адамдар ауыл шаруашылығымен айналысатын үнді муссонын да әлсіретуі ықтимал. 

Экономикалық салдары да аса ауыр болады. Бұрынғы Эль-Ниньо кезеңдерінде егіннің шықпай қалуы, азық-түлік бағасының қымбаттауы, тауар жеткізудегі іркілістер және әлемдік экономикадағы миллиардтаған шығыны есте қалған.

Ғалымдар болашақ Эль-Ниньоның нақты күшін әзірге дәл анықтау мүмкін емес екенін айтады. Бұл құбылыс Тынық мұхиты үстіндегі желдерге байланысты, ал олар — ең қиын болжанатын факторлардың бірі.

Дегенмен синоптиктер жаңа Эль-Ниньо «супер Эль-Ниньо» деңгейіне жетпесе де, оның салдары айқын болуы мүмкін  екенін ескертеді. Себебі ол қазірдің өзінде қатты жылынған климат жағдайында дамып жатыр.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) Эль-Ниньо 2026 жылдың қалған бөлігінде күшейе түседі деп есептейді.

Айта кетейік, бұған дейін де Эль-Ниньо күшейсе, әлемді аптап ыстық күтіп тұрғаны туралы хабарлаған болатынбыз.