Аптап ыстық Шымкент - Тараз автожолының жабынын көтеріп жіберген

Фото: ҚазАвтоЖол

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында республикалық маңызы бар автожолда анықталған ақаулар жедел түрде жойылды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы.

Мониторинг барысында жол мамандары «РФ шекарасы (Жайсаң ө/п) – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы (Нұр жолы ө/п)» бағытындағы республикалық автожолдың 635+500 шақырымында (Шымкент–Тараз бағыты) цементбетон жамылғысының көтерілгенін анықтаған.

- Ақауларды жою үшін жол қызметі дереу шаралар қабылдап, қысқа уақыттың ішінде жөндеу жұмыстарын аяқтады. Оған 3 арнайы техника мен 4 маман жұмылдырылды, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, өңірде соңғы күндері ауа температурасы +40...+45°С-қа дейін көтеріліп, бұл жол жабынына әсер еткен.

Қазіргі уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мамандар тарапынан бақылау және алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде.

Еске салайық, жаңа туристік жол Шарын шатқалын «Таңбалы» қорық-музейімен байланыстырады.