Сонымен қатар елімізде жол төсемінің жоғары температура әсерінен бүлінуінің алдын алу мақсатында жүк автокөліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қоятын маусымдық температуралық режим қолданылады.
ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, температуралық шектеулер ауа температурасы 25 °C-тан жоғары болған кезде енгізіледі және жүк көліктерінің жекелеген санаттарына қолданылады.
Бұл ретте халықаралық және жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарына, тез бұзылатын, қауіпті және гуманитарлық жүктерді тасымалдайтын көліктерге, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, жол жұмыстарын жүргізуге және әскери тасымалдарға тартылған автокөліктерге аталған шектеулер қолданылмайды.
Салмақтық-габариттік параметрлердің сақталуын және температуралық режим талаптарының орындалуын Көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдары қамтамасыз етеді.
-Өткізіліп жатқан іс-шаралар аясында 500-ден астам ауыр салмақты автокөлік құралы тексерілді. Нәтижесінде көлік заңнамасының 281 бұзушылығы, оның ішінде 116 артық жүк тиеу дерегі анықталды. Сонымен қатар маусымдық температуралық режим талаптарын сақтамауына байланысты 302 жүк автокөлігінің қозғалысына шектеу қойылды. Анықталған барлық құқықбұзушылықтар бойынша тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды,-делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі тасымалдаушыларды қолданыстағы маусымдық шектеулерді ескере отырып, маршруттары мен қозғалыс кестесін алдын ала жоспарлауға шақырады.
Осыған дейін ҚазАвтоЖол ауыр жүк көлігі жүргізушілеріне маңызды ескерту жасаған болатын.