Аптап ыстықта басқа күн өтуден қалай сақтану керек

Фото: Раушан Амренова/ Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары аптап ыстықта басқа күн өтуден қалай сақтану керектігін түсіндірді. 

Өңірде 5 шілдеде күн ысиды. «Казгидромет» РМК мәліметінше, облыс аумағында +33 пен +38, ал оңтүстік бөлігінде +42 градусқа дейін ыстық болады.

Осындай аптап ыстықта бастан күн өту қаупі артады. Бұл ең алдымен балаларға, қарттарға, созылмалы ауруы бар адамдарға аса қауіпті.

— Күн өту белгілеріне әлсіздік, бастың айналуы мен ауырсынуы, жүрек айну, құсу, терінің қызаруы, құрғауы, жүректің жиі соғуы жатады. Сондықтан тұрғындардан қауіпсіздікті қаперден шығармауды сұраймыз, — деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен.

Құтқарушылар ыстықта басқа күн өтуден сақтану үшін келісідей кеңестер берді:

— Сағат 11:00 мен 17:00 аралығында күн астында жүрмеуге тырысыңыз;

— Ашық түсті, жеңіл киім мен бас киім киіңіз;

— Тәулік бойы жеткілікті мөлшерде су ішіп жүріңіз;

— Күн ысыған кезде ауыр дене жаттығуларынан бас тартыңыз;

— Күннен қорғайтын құралдарды қолданыңыз.

Еске салсақ, осыған дейін Францияда аптап ыстықтан екі адам қаза болғаны хабарланған