Аптап ыстықта басқа күн өтуден қалай сақтану керек

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары аптап ыстықта басқа күн өтуден қалай сақтану керектігін түсіндірді.

Фото: Раушан Амренова/ Kazinform

Өңірде 5 шілдеде күн ысиды. «Казгидромет» РМК мәліметінше, облыс аумағында 33 пен 38, ал оңтүстік бөлігінде 42 градусқа дейін ыстық болады.

Осындай аптап ыстықта бастан күн өту қаупі артады. Бұл ең алдымен балаларға, қарттарға, созылмалы ауруы бар адамдарға аса қауіпті.

— Күн өту белгілеріне әлсіздік, бастың айналуы мен ауырсынуы, жүрек айну, құсу, терінің қызаруы, құрғауы, жүректің жиі соғуы жатады. Сондықтан тұрғындардан қауіпсіздікті қаперден шығармауды сұраймыз, — деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен.

Құтқарушылар ыстықта басқа күн өтуден сақтану үшін келісідей кеңестер берді:

— Сағат 11:00 мен 17:00 аралығында күн астында жүрмеуге тырысыңыз;

— Ашық түсті, жеңіл киім мен бас киім киіңіз;

— Тәулік бойы жеткілікті мөлшерде су ішіп жүріңіз;

— Күн ысыған кезде ауыр дене жаттығуларынан бас тартыңыз;

— Күннен қорғайтын құралдарды қолданыңыз.

Еске салсақ, осыған дейін Францияда аптап ыстықтан екі адам қаза болғаны хабарланған