Аптап ыстықта Каспий суы неге салқын болады: ғалым себебін айтты

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау жағалауындағы теңіз суы жаздың қақ ортасында да салқын болуы мүмкін. Оның температурасына ауа райымен қатар жел, теңіз ағыстары және терең қабаттардағы суық судың жоғары көтерілуі әсер етеді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл туралы Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты төрағасының орынбасары Салтанат Садвакасова айтты.

Каспийдің шығыс жағалауына тән құбылыстардың бірі — апвеллинг, яғни терең қабаттағы суық судың жер бетіне көтерілуі.

Маманның мәліметінше, бұл құбылыс Ақтау маңында да ғылыми зерттеулер арқылы расталған. Апвеллинг шілде және тамыз айларында неғұрлым қарқынды байқалады. Жекелеген жағдайларда құбылыс бірнеше күнге созылып, жағалаудағы су температурасының айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан ауа температурасының жоғары болуы теңіз жағасындағы судың да жылы болатынын білдірмейді.

— Каспий — динамикалық су айдыны. Жағалаудағы су температурасына бір мезетте бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында жел режимі, теңіз ағыстары, теңіз түбінің бедері және су массаларының тік бағытта араласуы бар. Жаздың қақ ортасында ауа температурасы жоғары болғанның өзінде жағалаудағы су салқын болуы немесе бірнеше күннің ішінде күрт суып кетуі мүмкін, — дейді маман.

Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты өкілінің түсіндіруінше, Ақтау маңындағы су температурасы тек жергілікті ауа райының әсерінен қалыптаспайды. Оған белгілі бір уақытта жағалауға қандай су массаларының жақындағаны және теңізде қандай процестердің жүріп жатқаны да ықпал етеді.

Сондықтан Ақтауға келетін тұрғындар мен туристер тек ауа температурасына немесе күнтізбедегі айға қарап, теңіз суының жағдайын бағаламағаны жөн. Бірнеше күн қатарынан күн ыстық болғанның өзінде су салқын күйінде қалуы немесе қысқа мерзім ішінде температурасы айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Бұған дейін, Каспийдің көзге көрінбейтін тіршілігін таспаға түсіріп жүрген ақтаулық снорклер туралы жазған болатынбыз.