Аптап күшейді: Италия мен Испанияда қызыл деңгейлі дабыл жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропаны шарпыған аптап ыстық бірқатар елде ауа температурасының 40°C-тан асып кетуіне себеп болды, деп хабарлайды Euronews.
Осыған байланысты билік өкілдері барынша сақ болуға шақырып отыр, себебі қуаңшылық, қатты жел мен аптап орман өрттеріне әкелуі мүмкін.
Италияның бірнеше өңірі күннің қатты ыситын кезінде кейбір жұмыс түріне тыйым салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Жексенбіде, яғни 29 маусым таңына қарай елдің 21 қаласында қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Бұл шараны енгізуді жоспарлап отырған өңірлер қатарында Лацио, Тоскана, Калабрия, Апулия және Умбрия бар.
Италия Денсаулық сақтау министрлігі 27 қаланың 17-сінде аптапқа байланысты ең жоғары деңгейдегі ескерту жариялады. Олардың қатарында Рим, Милан және Неаполь да бар. Римде туристер Колизей мен Треви субұрқағы маңында көлеңке іздеп, кейбірі қолшатыр ұстап, қалалық субұрқақтардан су ішіп салқындауға тырысқан. Ұқсас көріністер Милан мен Неапольда да байқалды, онда көше сатушылары тұрғындар мен туристерге ыстықтан қорғануға көмектесу үшін лимонад сатқан.
Еуропаның басқа бөліктерінде Испанияның ұлттық метеорологиялық агенттігі AEMET маусым айы тарихтағы ең ыстық ай болуы мүмкін деп ескертті. Севилья мен елдің оңтүстігіндегі басқа қалаларда ауа температурасы 42°C-қа дейін көтеріледі.
Испанияның денсаулық сақтау органдары тұрғындарға аптап ыстықтың шарықтау шегінде дене жүктемелерінен аулақ болуға және су режимін сақтау керектігін ескертті, әсіресе қарттар мен балалар сияқты осал топтарға ерекше назар аударылып отыр.
Сарапшылар Еуропаның оңтүстігінде аптап толқындарының жиілеп, күшеюін жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырады.
Сондай-ақ Грекия мен Португалияда да жоғары температура тіркелді, бұл елдерде жергілікті тұрғындар мен туристер аптаптан қорғанудың амалдарын қарастырып жатыр.
Бұдан бұрын АҚШ-та бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтан пойыздар тоқтатылып жатқанын жазып едік.