Аптап ыстық басталғалы суға кету оқиғалары жиілеп кетті - ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары дабыл қағуда. Өңірде аптап ыстық басталғалы суда бату оқиғалары жиілеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше кешке Күршім ауданының ЖҚБ қызметкерлері Күршім өзенінен ер адамның денесін шығарды. Құтқарушыларға шақыру өзенге шомылу кезінде батып бара жатқан адамды байқаған азаматтан келіп түсті. Алдын ала себеп - тыйым салынған жерде шомылу.

ТЖД қызметкерлері полиция қызметкерлерімен және волонтерлермен бірлесіп, шомылуға тыйым салынған орындар бойынша 1976 рейд ұйымдастырды, оның барысында демалушылармен әңгімелер жүргізілді, жадынамалар таратылды. Дегенмен халық әлі де тыйым салынған және белгіленбеген орындарда шомылуды жалғастыруда. Бұл қайғылы оқиғаларға ұшыратып жатыр.

Шомылу маусымы басталғаннан бері облыста 10 адам суға кетті, оның ішінде үшеуі - бала.