АПВ вакцинасы ұлдарға да салынады: бедеулікке қатысты қауесет қаншалықты рас

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылдан бастап 11 жастағы ұлдарға адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина салу жоспарланып отыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар.

Фото: Астана әкімдігі

— Вакцина тек қыздарға салынбайды. Қазір көптеген елде бұл екпені ұлдар да алады. Мысалы, АҚШ-та вакцина ұлдар мен қыздарға 11-12 жаста ұсынылады. Ұлыбританияда 12-13 жастағы оқушыларға мектепте салынады. Австралия да вакцинация бағдарламасына ұл балаларды енгізген, — деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Қазақстанда вакцинацияны дәл 11 жастан бастау жоспарланып отырғаны бекер емес.

— Адам папиллома вирусы жатыр мойны обырымен ғана байланысты емес. Ол ер адамдарда ауыз-жұтқыншақ, жыныс мүшелері және басқа да қатерлі ісік түрлерінің пайда болу қаупін арттыруы мүмкін. Ұлдарды вакцинациялау олардың денсаулығын қорғайды. Вирустың таралуын да азайтады, — деді спикер.

Фото: видеодан алынған скрин

Елімізде АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылғы қыркүйекте басталған. Қазір екпе 11-13 жастағы қыздарға салынып, Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне енгізілді. Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі, екпе ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің келісімімен ғана жасалады.

Бүгінде ұл балаларды қамту мәселесімен қатар, вакцинаның қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар қоғам назарында. Әсіресе әлеуметтік желілерде түрлі қауесет тарап жатыр.

— Вакцина «бедеулікке апарады» деген қауесетке мән бермеу қажет. Бұл — профилактикалық шара. Ресми ақпараттарға сүйенген дұрыс, — деді Жасұлан Алпысбаев.

Еске салайық, Қазақстанда вакциналарды сақтау температурасы онлайн бақыланбақ.