- Асыланбек Зинатұлы, облыстық телеарна жаңаша атау алып, тың қадамдар жасап жатыр екен, ендеше, сол жаңалықтармен бөліссеңіз?
- Иә, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының облыстық медиаресурстарында жаңа маусым басталып отыр. Осыған орай корпорацияда ұлттық жаңғыруға сай келетін, болашаққа бағытталған эволюциялық өзгерістер орын алды, ребрендинг жүргізілді.
Ребрендинг - басты мақсат емес. Корпорация басшылығының алға қойған таудай талабы - телерадио өнімінің мазмұны мен пішінін жаңғырту, телеөндіріске жаңа технологияларды енгізу арқылы жаһандық бәсекелестікке дайын болу. Ал, жаңа ребрендинг - Ұлттық медиақұрылымдағы сапалы визуальды өзгерістердің бірі. Біздің арнаның да атауы «AQJAI'YQ» болып өзгерді. Жайық өзенінің Қазақстан аумағымен ағып өтетін ең ұзын бөлігі Батыс Қазақстан облысына тиесілі. «Ұранды мекенді, қыранды мекенді», мақтанышқа айналған Жайықты әсерлі жырға, әдемі әнге қосамыз. Басқа жаққа барғанда да "Батыстан келдік" дегеннен гөрі "Ақжайық өңірінен келдік" дегенді тәуір көреміз. Сондықтан облыс басшысымен келісе отырып, арнаны «Ақжайық» деп атауды ұсындық. Корпорация басшылығы бұл ұсынымды толық қолдады.
Жаңа телемаусымда сегіз жоба жүзеге асуда. Жалпы телемаусымда бағдарламалардың өзгеріп отыруы заңдылық. Жаңаша формат керек. Кей бағдарламалар өзінің жоспарланған тақырыбын аяқтап, міндетін орындап болған соң жабылады. Олардың орнын басқалары басады. Күні бүгін біздің эфир кестесінде 34 телехабар бар. Оның 21-і ақпарттық сараптама, 16-сы танымдық-көпшілік, төртеуі ток-шоу. Арнада қызмет жасайтын әр журналист жаңа маусымға жаңа жобалары мен ұсыныстарын енгізді. Біз соны қолдадық.
Мәселен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай елдің ертеңін, ұлттың болашағын идеологиялық мән-мазмұнмен байытатын «Өскен өңір» бағдарламасы шілде айынан бастап көрерменге жол тартты. «Ауылым алтын қазық», «Туған жерге туыңды тік» секілді бөлімдерден құралған бағдарламада ауылда еңбек етіп, қара жерге кіндігі байланған жандардың өмір белесі мен ауылдан шыққан тұлғалардың туған жеріне деген сүйіспеншілігі жөнінде айтылады. Қысқасы, Тәтті Мақсотқызының теленовелла форматындағы бағдарламасы бірлігі жарасқан ауылдар, елге қамқорлығын танытып жүрген азаматтар туралы болмақ. Қазірдің өзінде жас мамандарға асарлатып үй салып берген Шыңғырлау ауданындағы Сегізсай ауылы туралы, қуаныш пен қайғыны бір отбасының адамдарындай бірлесіп көтеріп алатын Мәштексай ауылы (Жаңақала ауданы) жайлы жақсы хабарлар түсірілді. Алдағы уақытта туған топырағына көмек қолын созып жатқан түлектер, кәсіпкерлер, елжанды азаматтар «Өскен өңірдің» назарынан тыс қалмай, тұрақты кейіпкерге айналады деген үміттеміз. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «...оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкерлеріне айналдыруымыз керек» деген болатын.
Жаңа жобамыздың бірі - «Өр өлкенің өрнегі» деген бейнебаяндар цикліне қазірдің өзінде төрт бейнебаян түсіріп қойдық. Негізгі мақсатымыз - облыстағы Хан ордасы, Ешкітау, Торыатбас сияқты көрікті жерлерін көпшілікке көрсету, таныту. Мұнайдар Балмолданың «Мәртебелі тіл» тележобасы туралы тіл мамандары мен зиялы қауым өкілдерінен жылы пікір естіп отырмыз.
Одан бөлек өңір жастарының ұсынысымен «Танылмаған талант» атты жобаны көрерменге жаңаша дайындауды жоспарлап отырмыз. Елбасымыздың «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» реформасына сәйкес, ақпараттық саясатты насихаттау шеңберінде «Мәслихат» телехабары эфирге шыға бастады. Телехабарда аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутаттары мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы жөнінде мәлімет беріп, халықпен байланысқа шығуда. Көрермендер тарапынан сауал көп. Осыдан-ақ халықтың билік құрылымдарының жұмысына ықыласы ерекше екендігін байқадық. Сондай-ақ, тікелей эфирге қоғамдық кеңес мүшелері де шақырылады.
Бүгінгі заманның сұранысына сай Гүлжан Абайқызы «Ойталқы» ток-шоуын қолға алды. Бұл ток-шоу бүгінге дейін эфирге шығып келген "Замансөз" хабарының орнын басатын болады. Бағдарламаның бұрынғыдан басты ерекшелігі - хабарға мамандар мен сарапшыларды шақыру арқылы тақырыпты кәсіби деңгейде талқылаймыз.
- «Теледидар -тәрбие құралы» деп жатамыз. Осыған орай жас буын өкілдері сүйсініп, тамашалайтын қандай бағдарламалармен қуантпақшысыздар?
- Біз облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан зор қолдауға ие болып отырмыз. Олардың демеуімен «Эрудит» атты зияткерлік жоба қолға алынбақ. Облыстық білім басқармасының нақты көмегімен жүзеге асатын жоба мектеп оқушыларын жан-жақты жетілдіріп, танымдық-логикалық қабілетін ұштап, білімге деген құштарлығын арттырады деген ниеттеміз. Сондықтан жас өрендер зияткерлік жобаға қатысуға қазірден дайындала берсе құба-құп. Қыркүйектен эфирге шыға бастаған бағдарлама шәкірттердің іздеп жүріп, қарайтын хабарларының біріне айналады деген сенімдеміз. Бағдарламаны журналист Надежда Хабиболлақызы жүргізеді. Жоба жетекшісі - бас редактор Гүлмира Тілеубаева. Оған қоса үш жылдан бері эфирден түспей келе жатқан жас дарындардың талантын шыңдауды көздеген «Бозторғай» бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Арнада «Социум» дискуссиялық пікір телеалаңы пайда болды. Оксана Игілікова жүргізетін хабарға қазірдің өзінде ықылас артып отыр.
- Тың бағдарламалар туралы білдік. Ендеше, телеарнаның жаңа құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі қаншалықты заман талабына сай?
- Бұл - өте маңызды мәселе. «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Карин аймақтық филиалдардың техникалық дамуына ерекше екпін қойып отыр. Мысалы, біздің көп шаруамызға қолбайлау болып келген виртуалды студия мәселесі болатын. Биыл басшылықтың қолдауымен инвестициялық жоспарымызға "NewTek TriCaster" атты виртуалды студияны орнатуды енгіздік. Осы жүйеге негізделген үшінші аппараттық-студиялық кешенді іске қосуға жұмыстанып жатырмыз. Негізгі өндіріс құралдарын орнатқан соң режиссерлер мен журналистерге шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға жағдай туады деген ниеттеміз. Арна "Synery" технологиялық жүйесін пайдаланады. Биыл оны жаңғыртсақ, техникалық жаңғыруда жаңа сатыға көтеріледі.
- Көрермен сұранысына ие болған, рейтингісі жоғары бағдарламалар туралы айтып өтсеңіз?
- Тікелей эфирде өтетін "Күншуақ" бағдарламасына (авторлары Лаура Бекболатова, Шәрипа Садманова) көрермендердің ықыласы ерекше. Өңіріміздегі жақсы жаңалықтар, сүйінші хабарлар осы бағдарлама арқылы көрерменге таралады. Сағат түскі 12-де басталатын бағдарлама жұмыс уақытында эфирге шыққанымен, телефонға тыным болмайды. Тіпті Америка Құрама Штатындағы, Ресейдегі көрермендеріміз де хабарласып жатады. Атауының өзі шуақ сыйлайтын, позитивті бағдарлама болғандықтан шығар, елден көшіп кеткен отандастарымыздың өзі осы хабарды қарайды екен. Одан бөлек "Өмірдің өзі", "Бозторғай", "Арнайы репортаж", "Правда жизни", «Открытая студия» секілді бағдарламалардың да рейтингісі әжептәуір деп айтуға болады.
- Соңғы сауал, «AQJAI'YQ» телеарнасының алдағы мақсат-міндеттері қандай?
- Жаңа жобаларды қосқанда, арнадағы төл өнімнің үлес салмағы 58 пайыздан 60,1 пайызға жетеді. Жаңа жобалардың жарық көруіне орай кейбір студиялардың декорациялары өзгереді. Оның сыртында әлеуметтік желідегі телеарна парақшасындағы достарымыздың ай санап емес, күн санап көбейіп келе жатқаны бізді қуантады. Олардың сыни көзқарасы, жанды пікірлері қашанда құнды. Айталық, күні бойы менің телефоныма әр жастағы көрермендер хабарласып, арнаның қайбір өнімі туралы жеке көзқарастарын білдіреді. Жүргізушілердің сөз саптауына, өзін ұстауына баға береді. Сондықтан белсенді көрермені бар арнаның бір орында тоқтап тұруына қақысы жоқ. Мұны арнаның әр қызметкері сезіп, біліп отыр. Алда тұрған негізгі мақсатымыздың бірі - арна сайтының танымалдылығын арттыру. Осы бағытта арнайы мамандармен бірлесіп, жаңа жоспар құрған жайымыз бар.