AqylTech бағдарламасы 17 өңірдегі жастарға IT және ЖИ бойынша оқытуды бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда IT-Aiel және AqylTech бағдарламаларына тіркеу басталды. 

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, бұл бағдарламалар әйелдер мен жастарға арналған және толықтай онлайн форматта (//twevent.net/) тегін өтеді. Қатысу үшін арнайы техникалық білім немесе тәжірибе қажет емес, оқыту нөлден басталады.

IT-Aiel бағдарламасы барлық жастағы әйелдерге арналған. Бағдарлама жұмыссыз әйелдерге, декреттегі аналарға, көпбалалы және зейнет жасына жақындаған әйелдерге қолжетімді. Қазіргі уақытта 21 000-нан астам әйел осы бағдарламаны аяқтаған. Оның ішінде 1 535 қатысушы жұмысқа орналасып немесе жасанды интеллект саласында кәсіп бастаған.

AqylTech бағдарламасы 18-36 жас аралығындағы жастарға бағытталған. Ол Қазақстанның 17 өңірін, соның ішінде ауылдық жерлер мен моноқалаларды қамтиды. 2025 жылы бағдарламаға 10 000-нан астам қатысушы қатысты. 1 500-ден астам адам табысын арттырды немесе технологиялық компанияларда жұмысқа орналасты. 

Бағдарламалар аясында заманауи IT және жасанды интеллект мамандықтары, қаржылық сауаттылық, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект арқылы табыс табу және онлайн-бизнес ашу сияқты тақырыптар оқытылады.

Еске салсақ, осыған дейін қазақстандық медициналық платформа StartX бағдарламасына іріктелгенін жазған едік.