«AQYQ» коллекциялық монеталары сатылымға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық Банкі «Сиқырлы нышандар» сериясынан «AQYQ» коллекциялық монетасын айналымға шығарады.

Фото: nationalbank.kz

Коллекциялық монеталар 2026 жылғы 27 қазаннан бастап ҚҰБ https://kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатылады.

Коллекциялық монета туралы

«AQYQ» – жартылай асыл тас. Халцедон тобына жатады. Зергерлік бұйымдар мен сәндік заттарда қолданылады. Монетаның көркемдік безендірілуінен қазақ зергер өнерінің қолтаңбасы айқын көрінеді: зерделі сіркелеу әдісі, теріс бетіндегі өрнек пен ақық қондырмасы өзара жарасым тапқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа бауын тағуға мүмкіндік беретін арнайы баулық қарастырылған.

925 сынамалы күмістен дайындалған монетаға ақық тасы қондырылған. Оның массасы – 20 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «antique silver», номиналы – 1 000 теңгелік, дайындау таралымы – 5 000 (бес мың) дана.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай барлық төлем түрінде қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

Бұған дейін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» коллекциялық монеталары айналымға шығатынын жазған едік.