«Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасының премьерасы өтіп жатыр

Фото: Фото: Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасының премьерасы өтіп жатыр. Жеңістің 80 жылдығына орай қойылып жатқан спектакль Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында сахналанды.

– Бұл қойылым деректі драма. Себебі Бауыржан Момышұлы атамыз өмірде болған және ол кісінің ерліктері елдің аузында көп айтылады. Бұл қойылымда Бауыржан Момышұлын қарт Бауыржан және жас Бауыржан ретінде көрсетеміз. Спектакль 9–10 мамыр күндері сағат 18:00-де соғыста құрбан болғандарды 1 минут еске алумен басталды, – дейді «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасының режиссері.

Спектакльде Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» романындағы оқиғалар мен үзінділер бейнеленеді.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Актерлерге қойылған ең басты талап – Бауыржан атамыздың сөйлеу мәнерін, дауыс ырғағын, образын шынайы көрсете алу. Сөзбен-ақ ол кісінің мінезін, мысын байқату. Осы спектакльде Бауыржанның соғыстағы психологиясын, солдаттары қиын жағдайға түскендегі оның іс-әрекетін, шешімдерін көрерменге жеткіземіз, – дейді Жұлдызбек Жұманбай.

Режиссер қойылымды не себепті «Ар адамы. Бауыржан» деп атағанын түсіндірді.

– «Ар адамы» деп атаған себебіміз – ол кісінің өтірікке жанының қастығы. Соғыста еңбек демалысы болып, Бауыржан атамыз елге қайтады. Сол кезде атақты жазушы, ғалымдармен кездесіп, лекция оқиды. Сондағы құжаттарын оқып отырып, Әуезовке, Мүсіреповтерге ескерту айтатын, қалай жазу керектігі туралы өз ойын білдіретін қандай күш, қандай мінез деп таңғалдым, – дейді ол.

Спектакльді сахналауға театрдың барлық актерлік құрамы жұмылдырылыпты.

– Жалпы театрда 40 актер бар. Солардың бәрі осы қойылымға қатысады. Өйткені бұл – соғыс. Соғыс бір адамға ғана келген жоқ, бүкіл ұлтқа келді. Сондықтан бұл жерде барлық ер адамдар соғысып жатса, әйел адамдардың да тіршілігі, олардың қиындығы қатар көрсетіледі. Қойылымның дайындық жұмыстарына 1 ай, ал жазып шығаруға 6–7 ай кетті, – дейді режиссер.

Ал Бауыржанның жас кезін ойнайтын актер өзі рөлін сомдайтын кейіпкердің мінезіне таңғалатынын жеткізді.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Менің таңғалатыным – Бауыржан атамыздың мінезі. Өте мінезді, бірбеткей кісі болған. Оны біз қай жерден көре аламыз? Соғыста өзінің батальонындағы жауынгері майданнан кету үшін өз қолын өзі атады. Солай қашып кетемін деп ойлайды. Ал Бауыржан атамыз ол кісіні барлық батальонның алдында өзінің бөлімшесіне атқызады. Ол – қазақ жауынгері еді. Былай қарасаңыз, өте қиын нәрсе ғой. Бірақ атпасқа болмады. Өзгелерге сабақ болсын деді, – дейді Әмірхан Оразбақ.

Әмірхан осы рөлінен кейін өзінің де мінезі өзгере бастағанын байқаған.

– Қазір өзім де байқап жүрмін. Дайындықтан шыққаннан кейін адамның көзіне тік қарауды шығардым. Ол кісі төмен қарап сөйлемеген ғой. Тік тұрып сөйлеген. Өз мінезімнен өзгерістерді байқап жүрмін. Бұған дейін мен мүлде басқа адам едім, – дейді актер.

«Ер адам – дәнек болса, әйел – гүл. Жапырақсыз гүлдер орысша “сушняк”. Ал біздіңше “қубас” деп аталады. Әйелдер – адамзат өнімі өсіп-өнетін асыл топырақ. Біздер – өнімбіз. Жаман өнім емес сияқтымыз. Бәріміз жақсымыз. Әйелдерсіз адамзат өнімі болмайды. Әйел – бізге ана, жар, қалыңдық, сүйікті балаларымыздың анасы. Ал ұрыста – қарулас құрбы».

Бұл – бүгінгі қойылымда жас Бауыржанның айтатын сөздері. Режиссер осылай басты кейіпкердің мінезін ғана емес, әлемге деген жан-жақты көзқарасын да ашып көрсетуге тырыстық дейді.

– Бауыржанның тек бірбеткейлігін ғана емес, өздеріңіз көріп отырғандай, оның әйелге, отбасыға, отанға, солдатқа деген көзқарасын бейнелегіміз келеді. Бұл жерде Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп апамыздың да диалогтары бар. Өзбек солдатымен кездесетін оқиғалары бар. Жалпы деректі драма дегеннен кейін, әскери тақырып болғаннан кейін, біздің мақсатымыз – міндетті түрде нақты деректі көрсету болды, – дейді Жұлдызбек Жұманбай.

Айта кетейік, Алматыда Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Эвакуация» антисоғыстық драмасының жабық көрсетілімі өтті.