Әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, жұмысын түбегейлі өзгерту керек — Президент

Фото: Әділет Бірімкұлов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының пікірінше, негізгі әуежайларда толыққанды авиахаб қалыптастыру өте өзекті мәселе.

— Әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Қазір транзиттік карго-трафиктің қосымша құны төмен болып тұр. Жүк тасымалдаушылар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана тоқтайды. Біздің әуежайлар жүкті тиеп-жөнелтуге, жинақтауға аса құлықты емес. Себебі елімізде инфрақұрылым дайын емес. Соның салдарынан транзиттік әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Осыған орай арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуіміз керек. Ұсынылатын жеңілдіктер әрбір хабтың ерекшелігіне қарай жасалуы тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бұрын Президент авиахабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатынына тоқталды.