Бұл туралы Kazinform тілшісіне Құрылтай депутаты Сергей Пономарев пен «Human Health Institute» қоғамдық ұйымының басқарма төрағасы Айдар Капасов айтты.
Сергей Пономаревтің пікірінше, Мемлекет басшысының жуырда волонтерлермен кездесуде айтқан негізгі ойы — «Таза Қазақстанды» ұзақ мерзімді экологиялық мәдениет пен қоғамдық сананы қалыптастыратын негізге айналдыру.
— Тазалық пен тәртіп — тұрмыстық мәдениет пен патриотизмнің тікелей көрсеткіші. Бүгінде ең өзекті міндет — қоғамды немқұрайлылықтан және қоғамдық орындарды «ешкімнің меншігі емес» деп қабылдау әдетінен арылтып, әр адамның өз қаласына деген жеке жауапкершілігін қалыптастыру, — деді депутат.
Ол азаматтардың экологиялық шараларға кеңінен тартылғанына да назар аударды.
Депутаттың айтуынша, жыл басынан бері экологиялық іс-шараларға шамамен 7 млн қазақстандық қатысып, 130 мың гектардан астам аумақ тазартылған. Сондай-ақ 1,3 млн ағаш отырғызылған. Бастама қолға алынғалы бері жалпы 3,8 млн тонна қалдық жиналған.
— Халықтың үштен бірінің бұл іске атсалысуы экологиялық күн тәртібінің жекелеген сенбіліктер аясынан шығып, тұрақты әлеуметтік нормаға әрі қоғамды біріктіретін ортақ іске айналып келе жатқанын көрсетеді, — деп есептейді депутат.
Сонымен қатар, оның сөзінше, тұрақты экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін кешенді тәсіл қажет. Бұл ретте экологиялық ағарту жұмыстарын күшейту, қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру және мәдениетсіздікке «нөлдік төзімділік» қағидаты негізінде құқықтық тәртіпті қатаң сақтау маңызды.
— Заң талабы баршаға бірдей болып, тазалық жүйелі түрде сақталса, тәртіп күнделікті өмірдің табиғи нормасына айналады, — деп атап өтті Пономарев.
Депутат жастарды экологиялық және қоғамдық бастамаларға тартудың маңызын да айтты. Оның пікірінше, аумақтарды абаттандыруға және ағаш отырғызуға қатысу жастардың қоғамдық мүлікке әрі өзге адамдардың еңбегінің нәтижесіне ұқыпты қарауына ықпал етеді.
— Ұқыптылық пен тәртіп — заманауи әрі озық адамның қасиеті екенін түсіндіру маңызды. Әр адамның қосқан үлесі Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастырады, — деді ол.
Қоғам белсендісі Айдар Капасов та экологиялық күн тәртібін тек аумақтарды тазалау мен көгалдандыру мәселелерімен шектемеу керектігін атап өтті.
— Бүгінде Қазақстан үшін ауаның ластануы, су мен топырақтың сапасы, қалдықтарды басқару, сондай-ақ химиялық қауіпсіздік мәселелері өзекті. Экологиялық проблемаларды, ең алдымен, олардың адам денсаулығы мен халықтың өмір сапасына әсері тұрғысынан қарастыру қажет, — деп есептейді ол.
Айдар Қапасов экологиялық күн тәртібінің бүгінде халыққа жақындай түскенін де атап өтті.
— Қазір азаматтардың, жастардың, қоғамдық ұйымдар мен бизнестің экологиялық іс-шараларға белсенді қатысып жатқанын көріп отырмыз. Ең маңыздысы қоршаған ортаның тазалығы мен жай-күйі тек мемлекеттің емес, әрқайсымыздың жауапкершілігіміз екені туралы түсінік біртіндеп қалыптасып келеді, — деді Айдар Капасов.
Оның айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды ерте жастан бастау қажет. Сонымен бірге азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына нақты жағдай жасалуы керек. Атап айтқанда, қалдықтарды бөлек жинауға арналған қолжетімді инфрақұрылым мен түсінікті ережелер болуы маңызды.
Еске салайық, 19 қыркүйекте Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, Астанадағы Президент саябағында ағаш отырғызған еді.