Әр бала білімді және үйлі болсын: «Келешек» депозиті туралы ата-ана нені білуі керек

Фото: Коллаж: Kazinform/ DALL-E

АСТАНА. KAZINFORM – Әр ата-ана перзентіне сапалы білім беруді, мүмкіндік болса баспанамен қамтуды өзінің басты міндеті санайды. Әлемнің түрлі елінде де баланың болашағына арналған білім депозиттері кеңінен қолданылады. Қазақстан Үкіметі бұл бағытта қалыс қалмай, «Келешек» ерікті депозит құралын ұсынып отыр. Бала 18 жасқа толғанша жыл сайын жарна салып, мемлекет пен банктердің сыйақылары мен бастапқы білім капиталын алып, 8-8,5 миллион теңге қаражат жинауға болады. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ермек Мақаш «Келешек» жобасы туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

2040 жылға қарай мемлекеттік білім гранты тапшы болады

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін құруды тапсырған еді.

− Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан, бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады, − деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расында да, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне едәуір жүктеме артылады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын гранттармен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көлем шамамен 15%-ға дейін қысқарады. Бұл ретте министрлік 2020 жылдан бастап жыл сайын гранттар санын орта есеппен 10%-ға ұлғайтып келеді. Сондықтан, Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

235 мың теңге – Бір реттік білім капиталы кімге беріледі?

«Келешек» мемлекеттік білім беру-жинақтау жүйесі – әр баланың білім алуына, лайықты мамандықты меңгеруіне және болашақта тұрғын үй жағдайларын шешуіне көмектеседі. Бұл үшін ата-ана әр баласы үшін «Келешек» жүйесіндегі AQYL депозитін ашуы қажет. Депозитті жүйеде серіктес ретінде тіркелген 5 банк пен 5 сақтандыру ұйымы арқылы ашуға болады. Олар – Halyk Bank, Jusan Bank, «Отбасы банк», «Нұрбанк», Банк ВТБ. Банктерден бөлек, «Еуразия» СК АҚ, Freedom Finance Life Өмірді сақтандыру компаниясы АҚ, «Халык-Life» өмірді сақтандыру бойынша Қазақстан Халық Банкінің еншілес компаниясы АҚ, Standard Life Өмірді сақтандыру компаниясы АҚ және «Nomad Life» АҚ сақтандыру компаниялары бар. Алдағы уақытта бұл ұйымдар әлі де толығады.

Егер бала 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейін 5 жасқа толатын болса, оның есепшотына 60 АЕК (235 920 теңге) мөлшерінде бір реттік бастапқы білім капиталы беріледі. Содан кейін әр жыл сайын мемлекет тарапынан 5-7 пайыз аралығында, банктер тарапынан – ең кемі 12 пайыз сыйақы қосылып отырады.

Бес жастан асып кеткен балаларға бір реттік білім капиталы берілмейді, бірақ олар мемлекет пен банктен берілетін жыл сайынғы сыйақыларды, қазақстандық ЖОО мен колледждердің «Келешек» қатысушыларына арналған 20-50% жеңілдіктерін ала алады.

Бастапқы білім капиталын жоғалтып алмауы үшін ата-аналар жылына ең кемі 24 АЕК (биылғы есеппен 94 368 теңге) салым салып отыруы керек. Егер бір жыл 24 АЕК мөлшерінде салым салынбаса, бастапқы білім капиталы мен сыйақылар мемлекетке қайтарылады.

Ата-анасыз балаларға екі есе көп капитал беріледі

− Көпбалалы отбасылар барлық 4 баласы үшін жылына 12 АЕК қана (47 184 теңге) салым төлей алады. Бұл - өте жақсы қолдау шарасы. Басқа 3 балалы, 2 балалы отбасылар әр баласы үшін 24 АЕК-тен салым салып отыруы қажет, − деді Е. Мақаш.

Фото: Е. Мақаштың Facebook парақшасынан

Ата-анасы жоқ және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар есепшотын Балалар үйлерінің басшылары немесе заңды өкілдері ашады. Оларға мемлекет есебінен 60 емес, 120 АЕК (471 840 теңге) бастапқы білім беру капиталы түседі. Жыл сайын басқа балалар 12-24 АЕК аралығында жарна төлеуі керек болса, бұл балалардан еш жарна талап етілмейді.

Сонымен бірге, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған, көпбалалы отбасыларға, ата-анасы жоқ және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттен 5 емес, 7 пайыз сыйақы беріліп отырады.

Бұл жобаға кепілдікті қамтамасыз ететін сақтандыру компаниялары қатысады. Баланың ата-анасы еңбекке қабілеттілігінен айрылған жағдайда немесе асыраушысынан айрылған жағдайда сақтандыру компаниялары бала 18 жасқа толғанша ата-анасының атынан капитал аударуды жүргізуді жалғастырады.

Алғашқы сыйақылар есепшотқа қашан түседі?

Биыл 10 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Келешек» жинақтау жүйесі туралы заңға қол қойды. Қазір ата-аналар жаңа аталып өткен банктерге барып, «Ақыл» депозитін ашуына болады және жарналарды төлей алады.

− Бастапқы білім беру капиталы 1 қыркүйекке дейін немесе келесі жылдың 1 ақпанына дейін түседі. Қазір қанша балаға қанша теңге аударылатынын болжай да алмаймыз. Себебі, бұл - ерікті депозит, ешбір ата-ананы депозит ашып, салым салуға міндеттей алмаймыз. Әрине, мұндай мүмкіндікті ата-аналардың көптеп қолданғаны дұрыс, − дейді Ермек Мақаш.

Спикердің айтуынша, 24 АЕК – депозитке салынатын ең минималды сома, ата-аналар одан да көбірек салып, пайыздан түсетін сыйақыларды көбірек алып, мол қаражат жинауына болады.

− Мысалы, 5 жасар бала 18-ге толғанша ең аз дегенде 24 АЕК-тен қаражат салып отырса, 13 жылда барлық сыйақыны есептегенде 8-8,5 миллион теңгеден астам қаражат жиналады. Оған университет тарапынан берілетін жақсы жеңілдіктер бар. Осылайша, балалардың келешекте жақсы, сапалы білім алуына жол ашылады. Ұлттық қордан түсетін қаражат пен «Келешек» депозитіндегі қаражатты біріктіруге болады, − деп түсіндірді ол.

Барлық баланың депозиті мемлекеттік қорлар мен институттар арқылы кепілдендіріледі. Егер 13 жылда банктер банкрот болса, жабылып қалса, алаяқтар жымқыруға әрекеттенсе – бар қаражат мемлекет тарапынан сақтандырылады. Тіпті ата-ана да бұл есепшоттағы қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсай алмайды. Өскен соң, есепшоттарды үшінші адамдарға сатуға жол берілмейді.

Фото: Kazinform

Дипломыңды көрсетсең, депозиттегі бар қаражат қолыңа беріледі

«Егер бала мемлекеттік грантты жеңіп алса, білім депозитін не істейміз?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Онда депозиттегі қаражатты магистратура немесе докторантураға қалдыруға болады немесе өзінен кейінгі туған бауырының есепшотына аудара алады, ол да «Келешек» жобасының қатысушысы болуы керек. Баспана мәселесін шешіп, білім депозитін ипотекалық бағдарламаларға жұмсай алады. Тіпті «Келешек» жобасының депозитін шетелдік оқу орындарында білім алу үшін жұмсауға болады.

− Ең қызығы, депозит қаражаты қажет болмаса, бала өздігімен білім алып, дипломын бізге көрсетсе, барлық жиналған қаражатын баланың жеке есепшотына қайтарамыз. Бұл қаражатты қалай жұмсаса да, өз еркі, − дейді Ермек Мақаш.

Айта кетейік, «Келешек» білім алудың қосымша бағыты ретінде қаралып отыр. Мұнымен қоса, жыл сайын бөлінетін мемлекеттік білім гранттары да сақталады. Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы да қосымша мүмкіндік береді. Бірақ, ата-аналар екі есепшотты біріктіреміз десе, осы қаражатты кейіннен «Келешек» шотында жинақтау мүмкіндігі болады.