Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа...
Сауд Арабиясындағы құрбандық шалу жобасы
Араб елдерінде, Сауд Арабиясында Құрбан айт мерекесі «Ид әл-Адха» деп аталады. Арнайы жоба бойынша былтырлары Мекке түбіндегі аса үлкен «әл-Муайсам» қасапханасында 700 мыңнан астам қой, 10 мыңнан аса ірі қара мен түйе құрбандыққа шалыныпты. «Әл-Муайсам» қасапханасындағы құрбандық шалу рәсіміне 18 мың қасапшы, 730 ветеринар, 77 шақты дін оқуында жүрген студент атсалысқан екен. Жалпы, бұл жоба аясында 1983 жылдан бері 4 миллионнан астам мал құрбандыққа шалынған.
Түріктер Құрбан айтта туыстарымен табысады
Түркияда Құрбан айт күндері төрт күн демалыс жарияланады, бірақ іс жүзінде мектептер мен бірқатар мекемелер апта бойы демалысқа шығады. Құрбан шалған адам кешкісін мұқтаж адамдарға дастарқан жаяды. Түрік ағайындар бұл мерекеде үй-іші, ағайын-туысымен бас қосып, арқа-жарқа болып қалады.
Әзірбайжандықтар үшін айттың мәні - мейірімділік
Әзірбайжан мұсылмандары айт күндері құрбан шалып, кедей-кепшіктерге үлестіреді. Бакудегі жамағат Тезепир деген бас мешітке жиналып, айт мейрамын атап өтеді. Бұл діни мейрамның мәні - мейірімділік, қайырымдылық, адамдарға сүйіспеншілік сыйлау.
Марокколықтар әндетіп айттайды
Мағырыптағы, яғни Солтүстік Африка елі Мароккода Құрбан айт мерекесі «Ид әл-Бабыр» деп аталады. Бойына жақсы киімдерін киген марокколықтар таң ата айт намазын оқу үшін мешітке ағылады. Айт намазынан кейін олар көшеге жиналып, Аллаға тәкбір айтады. Бұдан соң имамның уағызын тыңдап, Құран сүрелерін оқып, салат әл-идайн ғибадатын орындайды. Содан кейін құрбан шалу рәсіміне кіріседі. Марокколық мұсылмандардың бір ерекшелігі - айтта болсын, қуанышты-қайғылы күндері болсын әуендетіп жүреді.
Малайзиялықтар айт мейрамында ұлттық киім киіп, ұлттық тағамдар пісіреді
Малайзия жұрты үшін Құрбан айт мейрамы - жаймашуақ отбасылық мереке, бір күні демалып, ертесіне жұмысқа кірісіп кетеді. Малай халқы айт күні азанда намазға ұлттық киімін киіп барады. Ер-азаматтар «баджу мелайю» деп аталатын ұзын жең жейде, кең шалбар кисе, әйелдер «баджу куронг» көйлегін киеді. Айт намазынан кейін ата-аналарының үйіне сәлем беріп шығады. Әрбір ықшамаудан тұрғындары бір сиырды бірігіп сатып алып, құрбандық шалады. Құрбандыққа шалынған малдың етін бірігіп пісіріп, мұқтаж жандарға, достарына, туыстарына таратады. Олар мейрам күндері «ренданг» сияқты ұлттық тағамдарын дайындайды. Малайзиялықтар үшін адамның тоқ болуы маңызды, сондықтан да олар бір-бірінен «қалың қалай?» деп емес, «қарның тоқ па, тамақ іштің бе?» деп жөн сұрасып жатады.